«Жерлер жекенің қолында кеткен»: Шымкент әкімі ирригация жүйесі туралы айтты

49

Кешегі нөсерден Шымкент көшелерін тағы да су басты. Қатты жауын-шашыннан кейін қала көшелері қайтадан су астында қалды. Бұл жолы жауын суы сауда орындары мен дәмханаларға да кірді. Көшеде көлік қозғалысы қиындады. Жаңбырдан кейінгі қала көрінісі қандай?

«Шымкент қаласы жауын-шашынға мүлдем дайын емес». Осылай деген қала тұрғындары 16 сәуір күні әлеуметтік желіге жаңбырдан кейінгі қала көрінісін жаппай жүктей бастады. Қатты жауын-шашыннан 18, Теріскей, Шығыс, Нұрсәт, 11 шағынаудандарындағы дүкендер мен кофеханаларды, сауда орындары мен көшелерді су басып қалды.

Әр жаңбыр жауған сайын Ескі қалашық тұрғындары да әбден әбігерге түседі. Қала көшелерін бойлай келетін суағар Қошқар ата маңында бірден аяқталып, су арнасыз ағып кете береді. Салдарынан жақын маңдағы үйлер мен орталық көшелерді су басады. Адамдарға жүріп-тұру қиындайды.

Көлік жүргізушілерінің сөзінше, онсыз да нашар жол жауын суының астында қалғанда шұңқырлар көрінбей, көлікке зақым келтіретінін айтады. Мұндағы тұрғындар жауаптылар бір шара қолданып, бұл істі қолға алса екен дейді.

«Ана жақтан, мына жақтан келген судың бәрі көшеге түседі. Ішке қарай кіреді. Арыққа сыймайды су. Мына жолдан өту мүмкін емес жұмысқа баратын кезде. Өте алмаймыз, ана жақтан айналамыз. Су толып қалады ғой мына жерде, тасиды ғой. Әр жаңбыр жауған сайын осы», — дейді тұрғын Гүлмира Тұрыпбек.

Айтулы жағдай бойынша қала әкімі бұған дейін қоғамдық кеңес отырысында пікір білдірген еді. Сөзінше, қалада ирригация жүйесінде реттілік жоқ. Жауын жауса арық-атыздардан аққан су белгілі бір жерге барып құймайды, керісінше, жеке үйлердің аумағына тіреледі. Ғабит Сыздықбеков проблеманың жыл сайын қайталануын, тиісті жерлерді жекенің қолында кетуімен байланыстырып отыр.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Арық келеді, келеді де бір жерге тіреліп қалады. Барып қарасаң бітеліп қалған, ол жерге үй салып тастаған. Сатып жіберген. Шымкентті орысша айтқанда «вдоль и поперек» сатып жіберген. Бос жердің бәрін, аулаларға дейін сатқан. Мен қазіргі кезде, жарты жылдан кейін таңғалмайтын болдым. Күніге көрем бір жерді сатып жібергенін. Ана жер не десең сатып жіберген, мынаның құжаты бар, ананың құжаты бар. Оны әрине қазір құжатының бәрін аннулировать етіп тастауға болады, қаулысын да бұрынғы әкімдердің дұрыс емес шыққан, ашығын айтқанда. Ирригациялық жүйені ретке келтіріп аламыз бірінші. Биылға бөлінген қаражатқа мамандардың командасын жинайын деп жатырмыз. Бүкіл қалаға анализ істеп, қай жерде қалай екенін дұрыстау керек».

ТЖ департаментінің мамандары 16 сәуір күні қатты жауын-шашын салдарынан ирригация жүйелерінің су өткізу қабілетінің күші жеткіліксіз болғанын айтады. Суды сору жұмыстарын қалалық коммуналдық қызметтер жүргізді. Аудандарды судан арылту жұмыстарын бес аумақта 5 серіктестік атқарды.