Жетісай ауданында тәртіп сақшылары ішімдік ішті деп күдіктенген жүргізушіге электрошокер қолданып, қинаған сәттің видеосы Facebook желісінде тарады. Бейнежазбаны Асылбек Тумышев есімді қолданушы өз парақшасында жариялады.
Белгілі болғандай, жеңіл көлік жүргізушісі жол ережесін бұзған. Полицейлер оны ішімдік ішті деген күдікпен тексеруге алып кетпек болған. Алайда ер кісі ішімдік ішпегенін айтып, полиция көлігіне отырудан бас тартқан.
Видеодан жүргізушіге бір топ достары араша түскен сәтті байқауға болады. Тіпті олардың бірі көлік тізгіндеген ер адам бес уақыт намазын оқып, мешітте азан шақырып жүрген азаншы екенін алға тартады. Жүргізуші де өмірге келгелі спирттік ішімдік ішпегенін айтады. Талапқа бағынбаған жүргізушіге тәртіп сақшылары электрошокер қолданып, тексеруге алып кетеді. Тексеру нәтижесіне сәйкес жүргізушінің ішімдік ішпегені анықталады.
Жүргізушінің айтуынша, жаны қиналған оның электрошокер салдарынан денесі жарақаттанған.
Түркістан облыстық Полиция департаменті аталған видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, полицейлер көшелерді патрульдеу кезінде жол ережесін бұзған «Daewoo NEXIA» автокөлігінің жүргізушісін анықтаған. Оған сақтандыру полисінің болмауына, техникалық байқаудан өтпеуіне және жол белгілерінің талаптарын сақтамауына байланысты әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Бұл оқиғадан кейін жүргізуші Түркістан облысының Полиция департаментіне арызданған. Қазіргі таңда қызметтік тексеру жүріп жатыр екен. Соның нәтижелері бойынша тәртіп сақшыларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.