Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының міндеті қандай? Шымкентті әсем әрі тұрғындарға жайлы қала ету үшін не істеп жатыр? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілқайыр Оңғар жауап берді.
– Басқарма міндетіне қала тазалығы да кіреді білесіз, биыл қыста көп қар жауды, былтыр қыстағы қателік қайталанды ма және биылғы қателік қандай болды?
– Біз қаланың санитарлық тазалығына, көгалдандыру жұмысына, иригациялық жүйелеріне, экологиялық тұрақтандыру жұмысына жауап береміз. 2023-2024 қыста өздеріңіз білетіндей қар өте көп жауды. Біз 155 қар күрейтін техниканың көмегімен қаланың 443 магистральды көшесі мен ішкі орам көшелерін қардан уақытылы тазарттық. Біз қар күреу жұмысында алдымен технологияны өзгерттік. Яғни, қар жауар алдын инертті материалдар сеуіп, қар жауған соң, уақытылы күреу жұмысын жүргізіп отырдық. 5 ауданда 5 мердігер мекеме бар. Олар техниканың жұмысынан бөлек, аяқ жолдар тазалығын да назарға алды. Шағын тракторлармен тазалық жасады. Біздегі басты назарды әлеуметтік нысандар орналасқан жолдарға қойдық. Бірінші кезекте осы жолдарды тазартып отырдық. Біз алдыңғы жылдары жіберілген кемшіліктерге жол бермедік деп есептеймін. Дегенмен де бұл жолы байқағанымыз, техниканың жетіспеушілігі. Сондықтан 5 аудандағы мердігер мекемелерге техника санын арттыруды тапсырдық. Әсіресе шағын трактор саны арту керек. Бұл бойынша қазірден жұмыс жасап жатырмыз.
– Ж.Ташенов, Толстой көшелерінің тұрғындары қара май жанып жатқан сияқты иіс шығады және ауада түтін бар деп шағымданады. Мұның себебі неде, сіздер анықтадыңыздар ма?
– Иә, бұл жайлы бізге де шағым түскен. Бұл қаламыздың индустриальды аймақ жағында болады. Әсіресе түнгі уақытта ауаның ластануы жайлы тұрғындардан шағым жиі түседі. Біз экология департаментімен бірлесіп бірнеше рет тұрғындармен кездестік. Жағымсыз иіс сол маңдағы өндіріс кәсіпорындардан шығады. Дегенмен біздің мамандар кәсіпорындарға ауа тазартқышын орнату бойынша жұмыс жүргізеді. Бұл жағдай назарымызда.
– Биыл қалаға қанша қызғалдақ егілді және қайдан әкелінді?
– Мемлекеттік жекешелік әріптестік есебінен 1 миллион дана қызғалдақ егіледі. Биыл шаршы метрмен есептесек, 40 мың шаршы метр жерге, орталық көшелерге, қалаға кіре беріс бөліктерге, автовокзал, әуежай аймақтарына егеміз. Гүлді Голландиядан алдырттық. Биылғы қызғалдақтың биікті 20 сантиметрден ұзын болды. Яғни жоғары сұрыптық қызғалдақ. Бұл жұмыстың барысы әр аудан әкімдігінің жіті бақылауында болады. Ал қаламызға егілетін 1 жылдық гүлдер үлесін былтырғымен салыстырғанда арттырамыз. Себебі қала уақыт өткен сайын дамып, жаңа шағынаудандар пайда болып жатыр. 2023 жылы 750 мың түп бір жылдық гүлді мердігер мекемелер есебінін тегін еккізген болатынбыз. Ал биылғы нақты санды гүлдер егіліп болған соң айтамыз.
– Қошқар ата өзеніне белгісіз бір сұйықтық аққаны жайлы тұрғындар шағымы келген еді бізге, бұл не сұйықтық анықтадыңыздар ма?
– Қошқар ата өзені Шымкент қаласының табиғи ескеркіші болып саналады. Өкініштісі өзенге жақын маңда тұратын халық немесе сол аумақта қыдырып жүрген, серуендеп жүрген тұрғындар қоқыс тастайды. Яғни, жанашырлық танытпайды. Өзен тазалығын ұстау тек қана мемлекет мойнына жүктелген жұмыс емес. Тұрғындар да азаматтық позиция танытса екен деймін. 2023 жылы Ордабасы алаңынан Ә.Жангелдин көшесіне дейін 108 шақырым құрайтын аумақты абаттандырдық. Биыл Ә.Жангелдин көшесінен А. Алпысбаев көшесіне дейін абаттандыру жұмысын жасау жайлы нақты тапсырма бар. Қошқар ата өзенінің тазалығын табанынан бастау керек. Ең қиыны сол маңда тұратын үйлер сарқынды судан бөлек, қатты тұрмыстық қалдықтың бәрін өзенге тастайды. Осы бағытта біз экополициямен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Енді төгілген сұйықтыққа келсем, сәуір айының 1 жұлдызында Қошқар ата өзеніне белгісіз азаматтар белгісіз бір сұйықтықты ағызған. Анықтау нәтижесінде су құрамы бұзылған. Сол себепті тұрғындарды табиғатты таза ұстауға шақырғым келеді.
– Дендропарктың күтіміне қатысты да шағым көп. Неге көп ағаш сарғайып кеткен, суару жүйесінде мәселе бар ма? Парк ішіндегі аяқ жолдардың тозуына да шағым баршылық?
– Дендропарктың күтімін мемлекеттік мекеме жүзеге асырады. Аумағы 117 гектарды құрайды. Ол жерде 100 мыңнан астам ағаш бар. Дендропарктың суару жүйесі паркке келетін каналдың құрылыс жұмысына байланысты 2 жыл көлемінде өз деңгейінде суарылмады. Қазір каналдың күрделі жөндеу жұмысы аяқталды. Және дендропарк аумағындағы көлді 100%-ға толтырдық. Ескі суару жүйелері арқылы осы кезде ағаштарды суарып жатырмыз. 2023 жылы арнайы инуститут мамандарын шақырып, парк аумағындағы ағаштардың неден қурап жатқандығы туралы және қандай шара қолдануымыз керектегін қарастырдық. Ол жерде су жетіспеушілігінен бөлек кейбір ағаштар бір-біріне өте жақын орналасқандықтан, бір өсінді келесі өсіндінің өсуін тұншықтырған. Және де қартайған ағаштар да бар. Осындай себептермен біраз ағаш қураған. Енді аяқ жолдарға келетін болсақ, қыстан кейін аяфальт қабындысының күйреуі болады. Қазір дендропарктің күтімімен 180 қызметкер айналысады. Енді аяқ жолдарға қатысты шағымды назарға алып, барып бақылау жүргізіп тиісті шараны қолданамыз.
– Қала аумағында қанша су қоймасы бар? Су тасу қаупі бар ма?
– Шымкент қаласы аумағында 4 су қоймасы бар. Оның екеуі республикалық меншікте. Ал екеуі біздің коммуналдық меншікте. Қазір су қоймаларының толуы 90%. Және ешқайсысынан қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен біздің қала аумағы арқылы Бадам өзені ағып өтеді. Өзеннің ұзындығы 45 шақырымнан асады. Биыл Еңбекші ауданында 3 елдімекенде, Абай ауданында 3 елдімекенде суға жақын орналасқан жерді бетондау жұмысын жүргіземіз. Кез келген кезде табиғи апат болуы мүмкін. Сондықтан да толықтай бақылауға алдық. Су арнасын кеңейту бойынша да жұмыс атқарылып жатыр. Бадам өзен жағалауын нығыздау яғни 18 шақырым жерді бетондау және арнаны түзету жұмысына бюджеттен 4,8 млрд теңге қаржы қарастырылған. 2023 жылы мердігер мекеме аяқталды. 2024 жылы құрылыс жұмысын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл Бадам өзені жұмысының бірінші этапы болып саналады. Осы жұмыс аяқталған соң, өзенге тағы толықтай зерделеу жұмысын жүргіземіз. Егер қажеттілік туындаса, тағы бетондау керек аумақ болатын болса, тағы жұмыс жүргіземіз. Қажеттілік туындаса жұмыстың екінші және үшінші этапы жүргізіледі.
– Қала аумағынан қанша канал ағып өтеді, қаламыздағы иригациялық жүйенің жай-күйі қандай?
– Шымкент қаласы аумағынан 34 өзен канал ағып өтеді. Оның жетеуі қаланың ішкі аумағынан өтеді. Ең өзекті екі канал бар. Ол Шымкент және Янгичек деп аталады. Осы каналдармен барлық ирригациялық жүйе арқылы келетін су Қошқар атаға келу керек. Канал 1980 жылдары салынған. Бірақ 2000 жылдардың басында қала өсу кезінде мемлекеттік актілер беріліп, канал үстіне нысандар салынып кеткен. Соның салдарынан система дұрыс жұмыс істемейді. Сол себепті көп мөлшерде су келген кезде су өткізу қабылеті төмен болады да сыртқа шығып жатыр. Бұл мәселе бойынша қала әкімінің тапсырмасы бар. Қазір Шымкент қаласының ирригациялық жүйесін білетін мамандардың басын құрап, қаладағы су алатын қауіпті орындарды қарап, каналды қайта іске қосу бойынша зерделеу жұмысын жұзеге асырып жатырмыз. Канал үстіне салынған ғимараттарды бұзбай, мәселені шешу жолын қарастырып жатырмыз.
– Қаладағы ескерткіштер күтімі де мәз емес, неге күтім жасалмайды?
– Иә, қала аумағындағы ескерткіштерді күтіп ұстау біздің басқарма құзіретінде. Басқарма теңгеріміндегі ескерткіштер 2 жылға жуық мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілмегендіктен қараусыз қалған. Дегенмен де 2023 жылы демеушілер есебінен біраз ескерткішті қалпына келтірдік. Осы жылы да мердігер мекемелердің соттасуына байланысты жұмыс кешеуілдеп жатыр. Дегенмен біз қарап отырмай ескеркіштерді жөндеу жұмысын бастап жатырмыз.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР