Бадам өзенінде 7 жасар бала батып кете жаздады

72

Шымкентте Бадам өзенінде шомылып жүрген 7 жасар бала суға батып кете жаздады. Оқиға кеше, 27 шілдеде болған.

Мектеп жасындағы бала өзге балалармен бірге өзендегі каскадты тірек құрылымының жоғарғы бөлігінде шомылып жүрген. Кенеттен оның аяғы тайып кетіп, тіреуіштің түбіне құлап шыға алмай қалған.

Дәл сол сәтте өзен аумағында Тұран аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері судағы қауіпсіздік бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіп жүрген екен. Азаматтық қорғау капитаны Рауан Ордабек рейд барысында баланы дер кезінде көріп, дереу көмекке келген. Содан оқушыны қауіпсіз жерге арқалап шығарды. Балаға медициналық көмек қажет болмаған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бадам өзенінде бұл аймақта шомылуға тыйым салынған және өмірге қауіп төндіретін аумақ саналады.

Жалпы қала боынша шомылуға тыйым салынған 13 орын анықталған.