Шымкентте дәрігерлер арасында бильярд бәсекесі өтті

20

Үшінші мегаполисте дәрігерлер бильярд бәсекесінде бас қосты. 70 ақ халатты абзал жан бақ сынаған турнир салаға елеулі үлес қосқан азаматтарды еске алу мақсатында ұйымдастырылған.

Шымкентте ақ халатты абзал жандар бильярд бәсекесінде бақ сынады. Өңірдің денсаулық сақтау саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан 28 азаматты еске алу мақсатында бильярдтан турнир өтті. Тәуелсіздік күнінің құрметіне ұйымдастырылған шараға 70 дәрігер қатысты.

«Бүгінгі турнирге қатысушы дәрігерлерді шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік мерекесі де құтты болсын дегім келеді. Медицина саласының қызметкерлеріне тек сәттілік тілеймін. Баршаңыздың денсаулықтарыңыз мықты болғай!»,- ҚР БСФ бірінші санатты спорт төрешісі Алик Кан.

Турнир барысында дастархан жайылып, саналы өмірін медицинаға арнаған, бүгінде бақилық болған білікті басшылардың рухына құран бағышталды. Жиналған сала ардагерлері жиында сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.

Шара соңы жеңімпаздарды марапаттаумен аяқталды. Жүлделі 1-орынды Сауран аудандық емханасының дәрігері Нұрсұлтан Төлепов иеленді. Ал, 2-орын «Шымкент Жүрек орталығы» жансақтау бөлімінің меңгерушісі Бекжан Перменовқа бұйырса, 3-орынды қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінің дәрігері Нұрбақыт Сәдуов жеңіп алды.

Бұдан бөлек, ерекше ойынымен көзге түскен сайыскерлерге «Үздік ардагер», «Үздік жас ойыншы», «Үздік мерген» сынды номинациялар да табысталды. Айта кетейік, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен кубоктар, және қаржылай сыйақы да берілді.