Прокуратура түркістандық еңбек мобильділігі орталығында 4 млрд. теңге жетпейтінін анықтады

2
фото Отырар.кз

Түркістан облысындағы Еңбек мобильділігі орталығында 4 млрд теңге жеткіліксіздігі анықталды.

Өңірлік прокуратураның мәліметінше «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мамандар 122 адамға заңсыз 31 млн. теңге жалақы аударған. Өткен жылы 4 мың тұрғынның медициналық сақтандыру бойынша 11 миллионнан астам жарна қаржысы төленбеген. Қадағалаушы орган анықтаған құқық бұзушылықтар саны мұнымен шектелмейді. Сондықтан әлеуметтік басқармаға қосымша тексеру жұмысын жүргізу көзделіп отыр.

«Орталық қызметінде 4 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар және шарттарда негізсіз талаптар қою арқылы 760 кәсіпкердің құқықтарын шектеу фактілері анықталды. Бұдан бөлек, «Қысқа мерзімді оқыту» бағдарламасы шеңберінде оқудан өткен 50 адам іс жүзінде үздіксіз (6 айға дейін) жұмыспен қамтамасыз етілмеген.
Осындай бұзушылықтарды болдырмау және азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы облыс әкімдігіне және уәкілетті мемлекеттік органдарға 4 прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, жекелеген фактілер бойынша құжаттар процестік шешімдер қабылдау үшін экономикалық тергеп-тексеру Департаментіне жолданды», – дейді ТО прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Қазыбек Нұржанов.