Сарыағашта жыл басынан бері 105 науқасқа коронарография əдісімен ота жасалған

фото ТО ӨКҚ

Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында жыл басынан бері 105 науқасқа коронарография əдісімен ота жасалған. Жоғары технологиялық операция кезінде дәрігерлер тіліксіз әдіспен науқастардың жүрек қан тамырларына стенд орнатып берген. Аудандық ауруханада жасалған оталардың барлығы сәтті өтті дейді дәрігерлер.

Коронарография мамандандырылған операциясы ангиограф аппаратының көмегімен жасалады. Аталған аппарат 2023 жылы қаңтар айында ауруханаға орнатылған. Науқастарға бірінші этапта коронарография әдісімен жүректегі қан тамырларын тексеру арқылы сырқатын нақты анықтай алады. Диагностикалық тексеруден кейін диагнозы расталған пациенттерге тіліксіз , катетердың көмегімен тарылып бітелген қан тамырларына стент орнатып береді.

«Сарыағаш аудандық орталық аурухана базасында коронарография әдісін жүргізу арқылы жүрекке жоғары технологиялық ота жасаудамыз. Мұндағы мақсат -науқастарға дер кезінде медициналық көмек көресту, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру. Мұндай оталарды жасау үшін аудандық аурухана дәрігерлері облыстық, республикалық жетекші емдеу орталықтарына барып, интервент дәрігерлермен бірге тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ Сарыағаш аудандық орталық аурухана базасында республикалық деңгейдегі емдеу мекемесінен жоғары тәжірибелі мамандарды шақырттық. Білікті мамандар жасақталып, қазір осы саланы дамыту жағын мықтап қолға алдық. Енді науқастарды облыс орталығына жібермей ақ аудан деңгейінде операция жасап, денсаулықтарын сауықтырудамыз»-дейді аурухананың бас дәрігері Бахыт Мырзалиев.

Айта кетсек, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы –өңірдегі көп бейінді, бәсекеге қабілетті ұйым. Аурухана базасында ашылған рентген – кардиохирургия бөлімшесінде дәрігерлер жүрек дерттерін емдеп, кардиология бағытында күрделі оталар жасап жатыр.