Шетелдік білікті мамандардың қатысуымен ота сәтті өтті

117
фото OTYRAR.KZ

Шымкентте өкпенің үшінші сатылы қатерлі ісігіне тіліксіз ота жасалды. Операция шетелдік білікті мамандардың қатысуымен өтті. Жергілікті дәрігерлердің сөзінше мұндай дертке кіші инвазивті тәсілмен жасалатын хирургиялық емдеу шарасы қалада енді дамып келеді.

Шымкентте өкпенің қатерлі ісігіне кіші инвазивті тәсілмен ота жасалды. Науқастың кеселі асқынып, айтуылы дерттің 3 сатысына жеткен көрінеді. Сондықтан оларға онкологиялық орталықта 4 айдан бері арнайы химия терапиялық ем қолданып, операция жасауға дайындаған. Ал хирургиялық емдеу шарасын Санк-Петербургтан келген білікті дәрігерлер жүргізді.

«Өкпеге 3 ота жасадым. Қазір науқастардың жағдайы жақсы. Есін жиды. Ал өкпенің қатерлі ісігі әлем бойынша онкологиялық аурулардың қатарында алдыңғы орында тұр. Алайда Шымкентте бұл дертке шалдыққандар саны, бүкіл Қазақстанмен салыстырғанда аз. Дейтұрғанмен ерлер арасында бұл ісік түрі көп таралған. Мен ота жасаған 3 адамның екеуі ер кісі. Бұл ауру темекі шеккендердің арасында көп тарайды. Біз операция барысында барынша өкпені аман алып қалуға тырысамыз. Сондықтан науқастарға барынша тіліксіз ота түрін жасаймыз», — дейді ресейлік дәрігер Евгений Левченко.

Кеуде қуысында пайда болған қатерлі ісікке заманауи операция жасау жолын Ресей елінен келген білікті хирургтар шеберлік сабағы аясында көрсетіп берді. Ал жергілікті ақ халаттылар емдеу шарасын бақылап, тәжірибе жинаған. Мамандар соның арқасында реконструктивті ем тәсілін меңгеріп, еліміздегі медицинаның дамуына үлес қосып жатқандарын айтады.

«Біз семинар аясында бірнеше операция жасадық. Ресейден келген дәрігерлер кей операцияны өздері жасап көрсетеді. Бұрын өзіміз жасап жүрген операцияны бізбен бірге жасайды. Яғни, біздің мамандар ота жасайды. Ал ол кісілер өз ойларын айтып тұрады. Жалпы бұл командалық жұмыс. Өкпені мұндай жағдайда негізі алып тастайтын. Ал қазір заманауи тәсіл бойынша барынша сақтап қалу керек. Сондықтан білікті мамандарды шақырып, былтырдан бастап осы тәсілді қолдана бастадық», — дейді Шымкент қалалық онкологиялық орталық директорының орынбасары Самат Исмаилов.

Семинар бірнеше күнге созылады. Сол аралықта 10-нан аса емделушуге операция жасау көзделіп отыр.