18 жылдан кейін ана атанды

54
фото Отырар.кз

Балаларды қорғау күніне орай репродуктивті медицина институтында экстракорпоральды ұрықтандырудың арқасында ата-ана атанған отбасылар үшін мерекелік іс-шара өтті. Орталықтың басты артықшылығы-мұнда дәрігерлерден кеңес алып қана қоймай, қажетті сынамаларды да тапсыруға болады. Институт еуропалық клиникалардың тәжірибесі бойынша жұмыс істейді.

Яна Алехина 18 жыл бойы құрсақ көтере алмаған еді. Ана болуды аңсаған 42 жастағы әйел жасанды ұрықтандырудың көмегіне жүгінген. Осылайша ол бүгінде көптен күткен қызы Дарияның анасы атанып, сол бір қиын кезеңнің артта қалғанына қуанышты.

Яна Алехина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Маған «ана» атану оңайға соққан жоқ. Бұл жолда көптеген қиындық көрдім. Дегенмен ол соған тұрарлықтай болды. Қазір қасымда кішкентай қызым бар. Мен Шымкенттегі репродуктивті медицина институтына алғысымды айтамын. Босануым жеңіл өтті. Дария 52 см, 3300 келі салмақта дүниеге келген еді».

Балаларды қорғау күніне орай репродуктивті медицина институтында мерекелік іс-шара өтті. Аниматорлар балақайларға керемет көңіл күй сыйлап, арнайы дайындалған Швед үстелі де ұсынылды. Сондай ақ, мұнда ЭКҰ ұрықтандырудың көмегімен дүниеге келген сәбилердің тұсау кесу рәсімі өтті.

Жасанды ұрықтандыру кей отбасылар үшін ата-ана атанудың жалғыз жолы болып қала бермек. Жыл сайын репродуктивті медицина институтында «Аңсаған сәби» Президенттік бағдарламасы негізінде 1000-нан астам жасанды ұрықтандыру жұмысы жүзеге асады.

Әсел Есенқұлова, «IRM Clinic» клиникасы репродуктология бөлімшесінің меңгерушісі: «Бізде осы күнге дейін 3500 ЭКҰ бағдарламасы жүргізілді. Оның ішінде “Аңсаған сәби” бағдарлама бойынша, квота бойынша, және де ақылы түрде де жүргізілген бағдарламалар бар. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша 750 тірі туған балаларымыз бар. Ішінде үшем де, егіз де, ұлы да, қызы да бар. Аллаға шүкір»

Диана Есіркепова, Шымкент қаласы репродуктивті медицина институтының медициналық директоры: «Бізге Қазақстаннан ғана емес, Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Түркиядан, Египеттен те емделушілер келеді. Бүгінге дейін клиникамызда көптеген бала дүниеге келді. Пациенттер бізге ақылы түрде және квотамен де келе алады. Бедеулік бұл қорқынышты диагноз емес. Біздің клиникамыз бен біздің дәрігерлер әр әйелдің ана атануы үшін бәрін жасайды»

Шымкенттегі репродуктивті медицина институты 2020 жылы ашылды. Мұнда ерлер мен әйелдердегі бедеуліктің әртүрлі формаларын емдеу сәтті жүргізіліп келеді. Заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған орталықта тұқым қуалайтын және туа біткен аурулардың алдын алу үшін генетикалық диагностика да жүргізіледі.

Мекен-жайы: Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 302
Байланыс телефоны: 8-771-934-34-34