Дүкен қызметкері абайсызда аңшылық қарумен өзін-өзі атып алды

48

Шымкенттік тұрғын аңшылық қарумен абайсызда өзін өзі атып жіберген. Бұл жайт қаладағы балық және аң аулауға арналған заттар сататын дүкендердің бірінде орын алған.

Шымкенттегі балық және аң аулауға арналған дүкендердің бірінде атылған оқтың дауысы естілгені туралы ақпарат тараған еді. Оқиға орнына барғанымызда сауда нүктесінің есігі мөрлеулі тұрды.

«Бұл жайт іште болған ба?
— Иә, не болғанын білмеймін. Жауып есігін мөрлеп кетті»

«Мен келгенде кетіп жатты. Мен жеке не болғанын көрген жоқпын. Осында тұрған кісілер айтты тек солай-солай болды деп», — дейді қала тұрғындары.

Ал полиция дүкен қызметкері абайсызда аңшылық қарудан жарақат алғанын мәлімдеді. Қазір тергеу жұмысы жүріп жатыр.

«Әл-Фараби АПБ-на аңшы дүкенінің жұмысшысы аяғына пневматикалық қарумен байқаусызда жарақат алғандығы туралы хабарлады. Қазіргі таңда жайт бойынша тексеру амалдары жүргізілуде», — дейді Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі.

Жарақат алған жігіт 4 жарым шамасында жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша оқ оң аяғына тиген.

«Қала тұрғыны оң аяғындағы жарақатпен келіп қаралды. Оң сан сүйегіне тиген. Қабылдау бөлімінде толық тексеруден өтті. Оқ алынды. Науқастың айтуынша оқты байқаусызда атып алған», — дейді бас дәрігердің орынбасары Тайбек Сыздықов.

Науқасқа тиісті ем шарасы көрсетіліп, қазір үйіне шығарылды.