Еліміздегі имамдарға әлеуметтік желіде уағыз айтуға тыйым салына ма?

1
Фото: pixabay.com

Жақында көршілес Өзбекстан елінде имамдарға әлеуметтік желіде уағыз айтуға тыйым салынды. Жұрт көкейіндегі ендігі сұрақ, біздің елдегі имамдарға да ғаламторға шығып, халықпен тікелей байланысуға шектеу қойыла ма? Ал TikTok пен Instagram-да уағыз айтып танылған имамдардың жағдайы не болады? Бұл сұрақтарға Мәдениет және ақпарат вице-министрі жауап берді.

Елімізде әлеуметтік желі арқылы уағыз айтып, ел арасында етене танылған имамдар саны артып келеді. Тікелей эфирде көрерменнің сауалдарына жауап беріп, үгіт-насихат жүргізетін олар, бұл істің тиімді тұстарын да меңгеріп алған. Естеріңізде болса, жақында ғана көршілес Өзбекстандағы имамдарға әлеуметтік желіге шығуға шектеу қойылған еді. Көпшілікке өздерінің білім деңгейіне қарай ілім үйрететін дін өкілдеріне инстаграм мен тик токқа шығуға бізде де тыйым салына ма? Бұл мәселеге қатысты мүфтият өкілдерінің өздері не дейді?

Шымкент қаласының наиб-имамы әлеуметтік желінің пайдасы бар екенін айтады. Мұхамеджан Естеміров, қазір жасы да, жасамысы да әлеуметтік желіде отыратын болғандықтан ғаламторда уағыз айту арқылы бұрыс жолдың жиегінде тұрған көптеген адамға көмек көрсеттік дейді.

Мұхамеджан Естеміров, Шымкент қаласының наиб-имамы: «Әрине, әлеуметтік желіні қолдану керек. Ол заман талабы. Әлеуметтік желінің бізге көп пайдасы тиіп жатыр. Қанша жұмыстарымызды көрсетіп жатырмыз. Қаншама дұрыс насихаттарды беріп жатырмыз. Қаншама азаматтарымызды теріс жолдан қайтаруға, зинақорлықтан тәубеге келуіне әлеуметтік желінің әсері бар. Тек оны дұрыс жағынан пайдалану керек. Ал, оны бұрыс жағынан қолданса, заң шеңберінде кез-келген адам жауап беруге тиісті»

Бұл сұрақ министрлерге де жетті. Журналистер сенат аясында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовқа «еліміздегі имамдардың әлеуметтік желіге шығуына тыйым салына ма?»,- деген сұрақ қойды.

Қанат Ысқақов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі: «Әрине, біз көршілес елдегі бұл тәжірибені білеміз. Дегенмен бізде әзірге әлеуметтік желілерді жүргізуге тыйым салу мәселесі қаралып жатқан жоқ. Себебі әлеуметтік желілер де коммуникацияның бір түрі. Қазірге таңда офлайн, онлайн, стрим арқылы тілдесу бар. Бұл да жамағатпен пікір алмасудың бір құралы іспетті. Күн тәртібінде имамдарға желіні шектеу мәселесі тұрған жоқ»

Ал әлеуметтік желідегі имамдардың уағыз – насихат айтуы мен оған тыйым салу мәселесіне қатысты жергілікті тұрғындардың пікірі қандай?

– Жақсы мағынадағы жақсы уағыздар айтса, қарсы емеспін. Бірақ, бекерден-бекер мен имаммын деп жеңілтектік болмайды.
– Жалпы діни ақпарат беруге толықтай тыйым салуды қолдамаймын. Бірақ ол қатаң бір ережелерге сәйкес болуы керек. Яғни, имамдар оқыған, аккредитациядан өткен, сенімді адам болу керек деп санаймын.
– Имамдар өз жолымен жүру керек қой. Алла тағаланың айтқан жолымен жүру керек қой. Не дейміз енді имамдарға?!                                                                                  – -Жаман жолға түсірмесе болды ғой бастысы. Ислам дінін білмейтіндерге үйреткенде тұрған ештеңе жоқ. 

Көріп отырғаныңыздай, елімізде имамдарға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Тіпті интернетті коммуникацияның бір түрі деп атап өткен мамандар, әлеуметтік желінің көркіне айналған «хит имамдарға» қатысты қазірше ешқандай тыйымның болмайтынын айтты.