Грант алуға өтініш бергендер бизнес жобасын тікелей эфирде қорғайды

4
фото Отырар.кз

Шымкентте бизнес ашуға қайтарымсыз грант беру талаптары қалай өзгерді? Зейнеткерлердің шипажайға жолдама алу тәртібі қандай? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жауап берді.

– Биыл қанша адамға қайтарымсыз грант беріледі

– Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында 20 мамырдан 31 мамырға дейін қайтарымсыз грантқа өтініш қабылданды. Бұл грантты беру себебіміз – аз қамтамасыз етілген осал топтағы отбасылардың жағдайын сәл де болсын көтеруге мемлекеттік жәрдемдесу. Бұған аз қамтамасыз етілген, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі отбасылар, ерекше бала асырап отырған отбасылар және қандастар өтініш бере алады. Тағы бір басты талабы – қатысушы адам жұмыссыз болуы керек. Және жеке кәсіпкер ретінде 1 жылдан 3 жылға дейін өтілі болуы керек. Грант алуға беретін өтініш автоматтандырылған жүйеге өткізілді. Бұл адами факторлар болмас үшін, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында жасалып отыр. Биыл 1 жобаға 1 476 800 теңге грант беріледі. Былтыр бұл сома 1 350 000 теңге болған еді. Бірінші лекте 213 азамат грант иегері бола алады.

– Комиссия құрамына кімдер кіреді?

– Комиссия құрамында депутаттар, БАҚ өкілдері, салалық басқарма қызметкерлері, блогерлер бар. Осы жерде бір нәрсені түсіндіре өтейін. Көптеген азаматтар жұмыспен қамту орталығы не басқарма грантты шығарады деп ойлайды. Біз тек құжатты қабылдап, оны комиссия құрамына ұсынатын тараппыз. Содан кейін комиссия әрбір азаматтың өтінішін қарап, жеке қабылдап, бизнес жоспарын тыңдайды. Осындай кезде мысалы кондитерлік бизнес ашу туралы идеясын қорғайтын адам «кондитерлік өнімдерді қалай пісіресіз?» деген сұраққа жауап бере алмай қиналып қалатын кезі болады. Яғни, өзінің бизнес жоспарын дұрыс қорғай алмаса, бұл да сын ғой. Және де бұл жердегі ең басты талап – «Бастау бизнес» деген жоба аясында кәсіпкерлік негіздер бойынша оқытады. Соны оқығанын арнайы сертификаты болуы керек. Сол сетификаты болған жағдайда ғана грант алуға қатыса алады.

– Грант жеңіп алған адамдарға тексеріс жүргізіліп тұрады ғой?

– Былтыр да 426 грант берілген болатын. Грант берілген соң, мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Грантты алған соң, мақсатты пайдалану керек. Грант ұтып алған азаматпен алдымен келісімшартқа тұрамыз. Ол бизнес жоспарына сәйкес қаржыны мақсатты игеру мәселесі бойынша болады. Келісімшартқа тұрған соң, 5 күннің ішінде салық департаментіне барып, жеке кәсіпкер ретінде тіркету қажет. Былтыр кеткен қателіктің бастысы – бизнес жобада көрсетілген заттарды алмаған. Немесе растайтын түбіртек сияқты құжаттары жоқ. Тексеріс кезінде барғанда бизнес жобада көрсетілген техника басқа, үйінде тұрған техника басқа немесе ескі болып шығады. Грант жеңіп алған азаматтардың жиі жіберетін қатесі осы болып отыр. Және де тағы бір айтарым – грант жеңіп алған азаматтар есеп тапсыру керек болады. Мұны да электронды қолтаңба арқылы базаға құжаттарын жүктейді. Азаматтардың тағы бір қатесі ақшаны алып, оны басқа мақсатта жұмсайды. Осы бойынша былтыр 144 адам анықталды. Оның 5-еуі өз еркімен алған қаржысын үкіметке қайтарды. Қалған 139 азаматтың ісі сот орындаушыларға жолданып, сот арқылы қаржыны кері қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер құжатты электронды нұсқада тапсыра алмаймын дейтіндер болса, бізде 5 Мансап орталығы, бұрынғы жұмыспен қамту орталығына келсе, әр орталықта өзіне-өзі қызмет көрсету аумағы бар. Сол жердегі біздің қызметкерлер құжат өткізуге көмектеседі.

– Грант беруде, немесе бизнес жобасын қорғауда биыл қандайда бір өзгеріс бар ма?

Қайтарымсыз грант берудегі биылғы жаңалық – грантқа құжат тапсырған азамат бизнес жоспарын қорғайтын кезең тікелей эфир арқылы жүзеге асырылады. Бұл инстаграмдағы @ctm_shymkent парақшасында болады. Оны кез-  келген азамат көре алады. Комиссия мүшелерінің жобасын қорғап жатқан азаматқа қойған сұрағы, оған қалай жауап бергені, жобасын қалай қорғағаны бәрі сол жерде шығып тұрады. Және де бұл эфир сақталады. Егер қатысушы азамат өзінің бизнесін дәлелмен жақсы қорғап шықса, комиссия мүшелері оң қорытынды береді.

– Биыл әлеуметтік төлемдерде қандай өзгеріс болды?

Өздеріңіз білетіндей, бізде әлеуметтік төлем өте көп. Соның ішінде жергілікті атқарушы орган шешімімен берілетін бір реттік, ай сайынғы төлемақылар бар. Шымкент қаласы әкімінің бастамасымен 4 мамырда бірнеше санаттағы азматтарға осы күнге дейін алып келген төлем көтерілді. Мысалы, ҰОС ардагерлері осы уақытқа едйін 360 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік әлеуметтік төлем алатын. Ол 1 300 000 мың теңге еді. Биыл ол сома 2 млн-ға дейін көтерілді. Тыл ардегерлері де осы уақытқа дейін 36 АЕК әлеуметтік төлем алып келген болса, енді 45 АЕК-ке көтерілді. Және де Ауған соғысы, Чернобыль, Семей қатысушыларының төлемі де көтерілді. Тағы бір қуантарлық жағдай 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз жыл сайын курорттық емдеуге баруға құқылы. Бұл азаматтар жеке көмекшімен жүрді. Бұған дейін ол кісілердің қасында еріп жүретін жеке көмекшілеріне әлеуметтік төлем төленбейтін. Қазір барып келген құнның 40 АЕК төленеді. Бұл да бір көп азаматтарға жақсы көмек деп айта аламын.
Сонымен бірге, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар бар болатын. Оларға осы уақытқа дейін ешбір төлем төленбеген. Яғни түрмеден босап шыққан азаматтарға биылдан бастап, бір реттік 10 АЕК, яғни 33 692 теңге көлемінде төлем төленеді.

– Осы жылы қанша адамды жұмыспен қамту жоспарда бар?

Биыл 57 мыңға жуық азаматты біз тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуымыз керек. Бұл жоспар жыл басынан бері орындалып келе жатыр. Жыл соңына дейін толығымен орындалады. Жұмыспен қамтуға кәсіби оқыту да кіреді. Бізде азаматтардың көбі жұмыссыз ретінде тіркеліп, бірақ мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жатқан азаматтар бар. Бұл кісілерді қысқа мерзімді кәсіптік оқытулар бар. Биыл 1200-ге жуық азаматты оқыту жоспарланып отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың тағы бір жолы – қайтарымсыз грант беру. Одан бөлек, 35 жасқа дейінгі жастарды қолдау мақсатында 2,5%-бен 5 миллионға дейін беретін несие бар. Бұл да кәсіп ашып, аяққа тұрып кетуге бірден-бір көмек болмақ. Және де бізде субсидияланатын жұмыс орындары да бар. Оны атап өтетін болсақ, ол уақытша жұмыс орындары. Оның ішінде мамандығы бойынша жұмысты талап етпейтін азаматтарды біз қоғамдық жұмысқа жібереміз. Биыл 1910 азаматты жіберу керек болса, қазір 2051 азаматты жіберіп, меже артығымен орындалды.

– Зейнеткерлердің шипажайға кезегі қанша уақытта бір келеді?

Мысалы мүмкіндігі шектеулі азаматтар әлеуметтік портал арқылы еліміздің қай өңіріндегі санаторияға бара алатындығын өзі таңдайды. Осылайша ол кісілер жылына бір рет демала алады. Жылдың басынан маусым, тамыз, қыркүйек айларында брон қоя алады. Бірақ азаматтар демалатын уақыты жақындағанда «мына күнге бер» дейді, бірақ ол күнді басқа адам бос емес қылып қойған болуы мүмкін. Сол себепті мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жыл басынан брон жасап қоюға кеңес берер едім. Ал енді зейнеткерлерге жергілікті атқарушы орган шешіміне сәйкес беріледі. Қуанышқа орай, бізде 90 мыңға жуық зейнеткеріміз бар. Сондықтан да ол кісілердің жыл сайын шипажайға бару мүмкіндігі жоқ. Биылдың жаңалығы 1 қаңтардан бастап, ол кісілерді де электронды қолтаңбасы арқылы кезекке қойып, өз кезегін өзі бақылап отыра алатындай қылып жасадық. Қазір 22 мыңға жуық зейнеткер кезекте тұр. Былтыр қазанда Шымкент қаласында «Ізетті зейнеткер» деген шипажай орталығын аштық. Бұл да зейнеткерлерімізге үлкен көмек деп ойлаймын. Ай сайын 200 адам баруға болады. Бұл жерде барлық жағдай жасалған тек минералды су ғана жоқ. Барған зейнеткерлер өте жоғары пікір білдіріп келеді. Және де зейнеткерлер шипажайды күтпей-ақ «Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына» баруға кеңес беремін. Ата-апалар күніне 4 сағат уақытын сонда өткізуіне болады. Яғни, түске дейін, түстен кейін. Бұл мекемелер де аты айтып тұрғандай ұзақ өмір сүру орталығына сәйкес, бүкіл құрал жабдықпен жабдықталған. Ән айтады, кітап оқи алады, кино көре алады, иогамен айналыса алады деген сынды көптеген үйірмелері бар. Бұл жерде де көңілді, пайдалы уақыт өткізе алады.

Сұхбаттасқан – Жанерке Хумар