«Ұлы дала жорығы» марафоны мәресіне жетті. Дүбірлі доданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Түркістанда марапатталды. Мәреге бірінші болып жеткен Жетісу облысының командасы 18 000 000 теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталды.
Ақтөбе облысы командасы 2-ші орын үшін – 16 000 000 теңге, ал 3-ші орын иегері Алматы қаласының командасы 9 000 000 теңгені қанжығасына байлады. Төрешілер шешімімен мәреге 4-ші болып келген Абай облысының командасына 5 000 000 теңге табыс етілді.
«Ұлы Дала жорығы-2023» марафонының жеңімпазы- Жетісу облысының командасы. Елордадан Түркістан қаласына дейін 1300 шақырымды бағындырған шабандоздардың уақыты 93 сағат 47 минут 43 секунд. «14 сатыға бөлінген марафонға 19 өңірден қатысқан команда арасынан озып шығу оңайға соқпады, алайда біз барлық күш жігерімізді салып көш бастадық»,- дейді жетісулық шабандоз Данияр Есенұлы.
Данияр Есенұлы, Жетісу облысының шабандозы: «Былтырғы марафонда екінші орын алғанбыз інім қатысқан, биыл міне Алланың қалауымен біздің команда бірінші орынды жеңіп алды. 4 сыныптан атқа отырғанмын. Бәйгелерге қатысып, 22 машина ұтқанмын. Бәйге десе, атқа мініп шабуға әрқашан дайынбыз, қанымызда бар».
Екі апталық аламанға қатысып, аттылы шабандоздармен бірге 1300 шақырымды бағындырған Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, елге белгілі велошабандоз Раббим Борашовқа да төрешілер “Ең үздік жанкүйер” номинациясын белгіліп, 1 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындады.
«Ұлы дала Жорығы»-ның халқымыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік туғызды ,- дейді ұйымдастырушылар. Марафонға қатысқандар Ұлы Дала рухын сезініп, киелі жерлеріміз – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, түркі руханиятының бесігі Түркістанмен етене танысты.