Құрбан айт күндері үш мал сою бекеті жұмыс істейді

33
фото Отырар.кз

Аптаның демалысы, яғни 16 маусым – қасиетті Құрбан айт мерекесі. Бұл күндері жасалатын ізгі амалдың бірі — құрбандық шалу. Шымкентте бұл үшін 3 мал сою бекеті белгіленген. Айт күндері арнайы орындарда 500-600-ге дейін мал сойылады. Құрбандық шалудың тәртібі мен міндеті қандай?

16 маусым – бүкіл мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамдарының бірі — Құрбан айттың алғашқы күні! Үш күнге созылатын мейрам Ораза айттан 70 күн өткеннен кейін басталады. Құрбан айт кезінде мұсылмандардың шамасы келгені қажылыққа барады, құрбандық шалады. Құрбандық жағдайы жеткен адамға сүннет амал болып саналады.

Қазыбек Сарбаев, Шымкент қалалық орталық мешіттің наиб имамы: «16,17,18 күндері, үш күн бойы – ниет қылған құрбандықтардан, қойдан, ешкіден, сиырдан, түйеден шалынып, Алла ризалығы үшін, өзінің отбасына, ағайынына, жоқ-жітікке, балалар үйіне, студенттерге беріліп, жыл сайын ниетіне қарай атқарылып жатады. Бұл егер дүниесі бар, жағдай бар адамдар болса, онда – уәжіб, ал жалпы қарапайым жұртшылыққа – сүннет, нәпіл».

фото Отырар.кз

Құрбандық – Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа. Құрбандықты жағдайы бар адамдар шалса болады. Ол үшін Шымкент қаласында арнайы үш орын белгіленген. Бірі Бозарық, қалған екеуі Сайрам тұрғын алабында орналасқан. Мал сою бекеттері — үш күн бойы айт намазынан бастап, шам намазына дейін жұмыс істейді. Бекеттер тек келісілген шаруа қожалықтарының ғана малын қабылдайды, себебі бұған дейін ауру немесе ұрланған малды әкеліп, сатпақшы болғандар да кездесіпті.

Сайфулла Гултараев, «Халал Қассап» ЖШС басшысы: «Мал алатын кісілер осында келіп, малды көріп, шаруа қожалықтарының малдары бар, соларды көріп, алуға болады. Құрбан айт күні таңғы намаздан кейін союды бастаймыз. 30-шақты қасапшы жалдаймыз. 600-700 мың шамасында 2 жасар ірі қара, қойлар 70-80 мыңнан орташа».

Жалпы құрбандыққа шалынатын малдарға арналған тәртіп те бар. Мал ауру болмауы, өте кәрі болмауы, құлағы кесілмеген, егер аналық мал болса, желіні кесілмеген болу керек. Сондай-ақ, ешкі немесе қой 1 жасқа толған болуы қажет. Ал ірі қара 2 жастан ары қарай, түйе 5 жастан жоғары болғанда ғана сойылады. Алынған етті балалар үйіне, балабақшаға, ауруханаға, мешіттерге өткізген жағдайда №2 нысанды ветеринариялық анықтамасының болуы және тасымалдау барысында арнайы температуралық режимі сақталған көлікпен тасымалдануы тиіс.

Муходдин Орманов, сатушы: «Мына малдар 55 мыңнан жоғары, 60-65-ке дейін, бұлар жасына толған құрбандыққа ілінген қойлар. Негізінен Құрбан айт кезде бағасы 60-65 мың тұратын қойлар сұранысқа ие болады. Ешкілер 25-30 мыңдық, жасына толған».

Мал сою бекетінде айт күндері 500-600 малға дейін сойылады дейді мұндағылар. Дін мамандары жалпы құрбандықтың етін үшке бөлген абзал екенін айтады. Оны мұқтаж жандарға таратқан дұрыс. Ал ірі қараны немесе түйені 7 адам бірігіп құрбандыққа шалуға болады.

Қазыбек Сарбаев, Шымкент қалалық орталық мешіттің наиб имамы: «Бір бөлігін өзіңіз алып қаласыз, бір бөлігін көрші қолаңға таратасыз, бір бөлігін мұқтаж жандарға апарып, таратуға ең жақсы әдіс осы. Ірі қараға жеті адам бірігеді, бірақ жеті адамның барлығының ниеті құрбан шалу болу керек. Біреуі «менің үйімде ет жоқ еді» десе, қалған алтауының да ниеті дұрыс болмай қалады».

Биылдан бастап, құрбандық шалу үшін qurban2024.kz порталы іске қосылды. Азамат сайтқа кіріп қай қаладан екенін және өзіне керек мал мен қажетті ақпаратты толтырып, ақысын онлайн төлейді. Егер қажет болса, сайттан мал сойылғаны жөнінде ақпарат пен фото-видео есеп алуға болады. Порталда құрбандық малының бағалары да көрсетілген.

Айта кетейік, Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, таза киімдерін киіп, хош иіс әтірлерін сеуіп, мешітке барады. Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірінің үйіне айттап қыдырады. Айттың алдында тәтті тағамдар мен шелпек, бауырсақ пісіріледі.