Сауда және интеграция вице-министрі Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралады

фото Отырар.кз

ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Түркістан облысына келді. Іс сапар барысында вице-министр облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Өңірдің инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады. 

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген Сауда және интеграция вице-министрі өңірдегі кәсіпорындарды аралап, бизнес өкілдерімен кездесті. Қайрат Төребаев кәсіпкерлермен бірге облыстың инвестициялық климатын жетілдіру жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады.

Министр өндірістік паркте болып, онда орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Өткен жылдың қазан айында Өндірістік парк аймағында негізі қаланған қойма Сауран ауданы аумағында орналасқан. Онда маусымына 4000 тонна көкөніс сақталып, 35 адам жұмыспен қамтылмақ.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі: «Арнайы экономикалық аймақтар өндіріс үшін, сауда үшін өте маңызды. Көптеген мемлекет тарапынан жеңілдік беріледі. Бұл жеңлдіктер арқылы компания аяққа тұрып, пайда көре бастайды. Ары қарай өз қарқынымен жұмыс істей бастайды».

Сонымен қатар, Қайрат Төребаев түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауытта болды. Түркістан қаласының маңында орналасқан зауыт өнімдері экспортқа негізделген. Өндіріс орны Қытай мен Германиядан жеткізілген заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бүгінде компанияның жылдық өндірісі 480 тонна түйе сүті ұнтағын құрайды. Мұнда 100-ден аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 90%-ын құрайды.

Жазира Озатқызы, кәсіпкер: «Жобаның қуаттылығы күніне 100 тонна түйе сүтін өңдейді. Шикізатты біз осы Түркістан өңіріндегі түйелер көп шоғырланатын елдімекендерде сүт қабылдайтын пункттер орналастырғанбыз. Сол жерге шаруашылықтар сүт өткізеді. Біз өз стандартымызға байланысты қабылдап алып, өндіріске жібереміз».

Вице-министр өңірдің бизнес өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Қайрат Төребаев министрлік тарапынан салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Жергілікті кәсіпкерлер бизнес жүргізу үшін қалыптасқан жағдайды одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстарын айтып, отандық кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы өтініштерін айтты. Одан бөлек, басқосу барысында отандық өнімдердің экспортын ұлғайту, тұрғындардың табысын арттыру жайы талқыланды.