Д. Сатыбалды: «Ынтымағы жарасқан, үлгілі облыс болайықшы»

0

Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері бас қосты. Кездесу барысында өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің жұмыстары баяндалды. Өңірдегі этнос өкілдерінің бас қосуы қалай өтті?

Түркістанда түрлі ұлт өкілдері бас қосты. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәселен, өзбек этномәдени бірлестігі 14 жылдың ішінде 40 жанұяға баспана сыйлапты.

Зулпархан Чалданов, ТО ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы: «ТО өзбек этно мәдени бірлестігінің «Үлес» қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларға 2010 жылдан бері 40 үй салып берді. Сондай ақ, биыл наурыз айында мақтааралдық жомарт жан көмекке мұқтаж 2 отбасыны қуантып, оларға 2 баспана сыйлады» 

Сондай ақ, Зулпархан Чалданов өзбек-қазақ ұлттарының арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда тиісті жұмыстардың жүйелі түрде атқарып жатқанын да жеткізді. Ал, тәжік этномәдени бірлестігі қайырымдылық шараларда белсенді екенін атап өтті.

Юлдаш Султанов, ТО тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы: «Түркістан облысында біздің 3 филиалымыз бар. Сарыағашта, Мақтааралда, Жетісайда. 50 мыңға жуық тәжік этнос өкілдерімен тату-тәтті жұмыстарды атқарып келеміз. Туркиядағы жер сілкінісінде, су тасқыны болған облыстарымызға да біздің этностардың біршама көмектері болды. Одан басқа ақсақалдарымыз апта сайын жұмыс жүргізуде. Жастармен бірге, еліміздегі бірлікті, тыныштықты сақтауда жүйелі жұмыстар атқарып келеміз»

Алқалы жиында өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл кездесудің ел бірлігін нығайтуда маңызы ерекше екенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі саладағы мақсат-міндеттерге де тоқталып өтті.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Үлгілі облыс болайықшы. Қандай да бір жағдай болып қалса, шынымды айтсам мен ұяламын. Кеше Ассамблеяда Президентіміз біздің Түркістан облысын мысал ретінде айтты. Бізді татулықпен, бітімгершілікпен барлық мәселені шешіп отыр деді. Осы Түркістан облысының тәжірибесін басқа облыстарда да алу керек дегендей ұсыныс айтты. Бұл өте керемет»

Бірлікке үндеген басқосу соңы сұрақ-жауапқа ұласып, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Айта кетсек, бүгінде өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.