Шымкентке Түркиядан білікті дәрігерлер келіп, науқастарды тегін тексерді. Жоғары санатты мамандар үш күн бойы тұрғындарды қабылдайды. Бір күннің ішінде жалпы саны 58 адам жоғары деңгейлі мамандардың қабылдауында болды.
Мегаполиске Түркиядан үш бірдей білікті дәрігер келді. Медицина мамандары Шымкенттегі студенттік емханада науқастарды тегін қабылдады. Антальядан келген біліктілігі жоғары тәжірибелі мамандардан кеңес алуға бір күнде 58 тұрғын келді.
Дильноза Серажединова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қызымды алып келген едім. Туркиядан күшті дәрігерлер келіпті. Рахмет. Жақсы қарады»
Түркиядан ересектер және балалар онкологы, ортопед және педиатр мамандары келген. Сонымен қатар, дәрігерлер балалар хирургиясы бойынша да қабылдау жүргізді. Жоғары санатты медицина қызметкері Алпер Озалп бүгінгі таңда онкологиялық аурулардың балалар арасында көбейіп бара жатқанын айтады.
Алпер Озалп, Түркиялық дәрігер: «Біз бүгін қазақстандық пациенттерді тексеріп жатырмыз. Олардың басым бөлігі онкологиялық аурумен ауыратын науқастар. Пациенттерді тексеріп, оларға дұрыс ем тағайындап, көмек көрсетеміз. Бүгінде онкологиялық аурулар балалар мен жасөспірімдер арасында күннен күнге артып жатыр. Біздің мақсатымыз науқастарға көмектесу және Қазақстанмен арадағы байланысты нығайту»
Студенттік емхана мамандары шетелден дәрігерлерді шақыртып, тәжірибе алмасу жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды дейді. Тіпті алдағы уақытта Түркияға науқастарды тегін емделуге жібереміз деп отыр.
Жандос Болатұлы, Студенттік емхана бас дәрігерінің орынбасары: «Бір жобаны іске асырып жатырмыз. Осы бүгінгі таңда қаралған науқастарды мүмкіндік болса Түркияға тегін емделуге жіберу үшін жобалар жасап жатырмыз. Еуропа мемлекеттері тарапынан қалыптасқан фондтары болады екен. Мысалы Түркия мемлекеттерінің өздерінің осындай қайырымдылық қорларынан бөлінетін қаражаттар болады. Бізде тексеруден өткен науқастарды сол қаражат есебінен тегін түрде Түркияға емделуге шақырады»
Айта кетейік, Түркиялық дәрігерлер Шымкентте 25, 26 және 27-ші маусым күндері болады.