Шымкентте қоғамдық көліктерде жол ақысын төлеуге арналған жаңа жоба іске қосылды. Avtobys мобильді қосымшасында бірнеше қызмет түрі ұсынылады. Оның ішіне тіпті диспетчерлер үшін тиімді жүйе де енгізілген.
Қоғамдық көліктерде енді Avtobys мобильді қосымшасымен жол ақысын төлеуге болады. Мамандар отандық өнімнің тиімді тұстары көп екенін айтады. Нақтырақ айтқанда тұрғындар QR коды және контактісіз банк карталары арқылы жол ақысын оңай төлеуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қосымшада автобустардың қай аялдамада тоқтағаны немесе тоқтамағаны арнайы белгімен көрсетіліп тұрады.
«Бұл кешенді бағдарлама болып саналады. Тек электронды төлем жүйесімен қатар, диспетчерлік бағдарлама біріктірілген. Диспетчерлер біздің жүйені онлайн көріп отырады. Атап айтқанда, қанша ақша төленіп жатқаны, автобус қандай кестемен келе жатқаны, ол асығып келе жатыр ма, әлде өзінің кестесінен ауытқып кетпеді ме бәрі көрініп тұрады. Сонымен қатар, Шымкентте бұған дейін болмаған дүние бар. Бұрын автобустар аялдамада тоқтамай өтіп кете беретін. Соны нақты қарап, қай аялдамада тоқтамай, адам алмағанын қарауға да болады», — дейді «Smart mobility» компаниясының директоры Жомарт Қамидоллин.
Мобильді қосымшада Bluetooth қызметі іске қосылған. Егер жол ақысын төлеуді ұмытып кеткен жан болса, сол арқылы жүріп кеткен автобусқа ақшасын қашықтықтан төлей алады. Алайда жаңа жоба жайында тұрғындар әлі толық хабардар емес көрінеді. Дегенмен қосымшаны қолданған азаматтар құралдың тиімді тұстары көп екенін айтады.
«Бұл жоба жайында енді естіп жатырмын. Бұған дейін QR код істемей қалғанда, қолма-қол ақша төлейтінбіз. Сондай кезде жақсы сияқты. Алдағы уақытта қолданып көремін деген ойдамын»
«Қоғамдық көлікке жиі мінемін. Қазіргі Avtobys компаниясының бағдармаласы ұнап жатыр. Маған бәрінен бұрын барлық қызмет 1 қосымшада болғаны ұнады»
«Иә, жаңа QR пайда болғанын көріп жүрмін. Бірақ қолданып көрмедік»
«Естідік. Қолданып көрмедім», — дейді қала тұрғындары.
Жаңа жобаға қоғамдық көлік жүргізушісі әр күн сайын арнайы тіркеліп отырады. Сондықтан диспетчерлерге қай автобусты кім тізгіндеп келе жатқанын бақылауға мүмкіндік жасалған. Егер қандай да бір апатты жағдай туындаса, жүйемен шапшаң түрде байланыс орнатуға болады. Мамандар бұл қаладағы кәсіпкерлердің арасындағы бәсекелестікті арттырып, сапаның жақсаруына септігін тигізеді дейді.
«2020 жылы электронды билеттендіру жүйесін енгіздік. Ол кезде «Төлем» компаниясы жұмысын бастаған еді. Енді сол электронды билеттендіруді жетілдіру мақсатында жаңа бағдарламалы платформа өткізілуде. Қазіргі төлем картасын екі валидаторда да жұмыс істей береді. Жаңа карта сатып алудың қажеті жоқ», — дейді қоғамдық көлік бөлімінің бас маманы Сапарбек Әділ.
Қазір шаһарда 950-ге жуық қоғамдық көлік бар. Оның 500-ден астамына Avtobys жүйесі енгізілді.