Шымкенттік «ең адал» полицейге қатысты кезекті сот отырысы өтті

49

Шымкенттің «ең адал» полицейіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгінгі сот процесінде куәгерлермен қатар, айыпталушы Азамат Айымбетовтің сөзі тыңдалды. Боспасалау арқылы пара алды деп айыпталып отырған экс полицей өзіне тағылған айыппен келісе ме?

Шымкентте «ең адал» полицейге қатысты кезекті сот отырысы өтті. Айыпталушы Азамат Айымбетов бүгінгі процессте өзін түсіруге рұқсат бермеді. Алайда, экс полицей 700 мың теңге көлемінде пара алғанын мойындап отыр.

«Айымбетов Азамат қараңызшы, яғни сіз жүргізушінің әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608 бабымен жауапқа тартылмайтынын біле тұра, тұлғалардан 700 мың теңге пара алғаныңызды мойындайсыз ба?

— Мойындаймын»

Бұрынғы полиция қызметкеріне бопсалау арқылы пара алды деген айып тағылып отыр. Айымбетов ақша алғанын мойындаса да, қорқытып-үркіту фактілерінің болғанын жоққа шығарды.

«Құрметті сот, өткенде айтып өткендей кінәмді ішінара мойындаймын. Қорқытып, 366-ның бірімен келіспеймін. Ешкімді қорқытқан жоқпын, ешкімді мәжбүрлеген жоқпын. Кінамді ішінара мойындаймын»

Еске сала кетсек, былтыр 30-шы желтоқсанда тәртіп сақшылары масаң күйде көлік тізгіндеді деген күдікпен шымкенттік тұрғынды тоқтатқан еді. Алайда, бүгінгі сот отырысында көлік жүргізушісі сол күні өзінің ешқандай алькоголь тұтынбағанын айтты. Сонымен қатар ол, сотталушымен бұрыннан таныс болып шықты.

«Сіз алкоголь өнімін тұтынған бе діңіз?

-Мен өзім тұтынбағам.
Бір емес, екі рет үрлеткіздіңдер дедім. Мен тапсырмаймын дедім. Енді 2-3 сағат сол жерде ұстады мені. Кейін Азамат шықты. Не істеп жатсың? Тапсыра салсай деді. Азаматты өзім танитын едім».

-Азамат деген, Айымбетов па?

-Ия. Азамат Айымбетовты танитын едім. Араласымыз бар. Сәлеміміз түзу. Сен тапсыра сал деді. Мен дос балам деп сендім. Қан тапсырдым. Ертесіне білмедім ғой өйтіп ақша сұрайтынын»

Оқиға орнында болған тағы екі полицей бүгінгі сотқа куәгер ретінде қатысты. Шымкент қалалық патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жоғарыда аталған көлік иесін алкогольдік масаң күйде деген күдікпен тоқтатқан. Ал медициналық сараптама оны растаған көрінеді. Алайда полицейлер көлік иесіне қатысты тиісті хаттаманы толтырмаған. Сөздерінше, дәл сол сәтте арнайы құрылғы, яғни планшет істен шыққан.

«Хаттама толтыра алмадық деп тұрсыздар да. Хаттама ертесіне толтырылды ма? Планшет жасағаннан кейін толтырылды ма? Планшет 2 ақ сағат істемейді деп жатсыз. Шамамен алайық, 3-тен 5-ке дейін, жарайды 6-ға дейін істемесін. Енді таңғы уақытта толтырылды ма хаттама?
-Қай статья бойынша?
-Жоқ толтырылмады.
-Толтырылмады. Қай статья екенін өзіңіз білетін шығарсыз. Сақтандыру полисі жоқ дегеннен кейін»

Ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен наурыз айының соңында ұстаған Азамат Айымбетовке қатысты келесі сот отырысында басқа да куәгерлердің сөзі тыңдалады деп күтілуде.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Азамат Айымбетов өзінің бастығы болған Мұхтар Бұқарбаевқа қарсы арыз жазған еді. Тіпті, 2022 жылы Президентке үндеу жолдап, Бұқарбаевқа жасаған қымбат сыйлықтары туралы айтқан. Айымбетовтың арызынан кейін полковник Мұхтар Бұқарбаев 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Осы оқиғадан соң, экс полицей Азамат Айымбетов «адал полицей» атанған еді.

Лаура Бабас