«Түлкібас — Арыс» учаскесінде жүк вагондарының рельстен шығуына жеке компания вагонының доңғалақ жұбының осі сынып кетуі себеп болған. Бұл туралы ҚТЖ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Оқиға бүгін 25 маусым күні сағат 19.20-да Менлібай — Көктөбе қиын иінді аумағында болған. 8 жабық вагон рельстен шығып кеткен. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жолдан шыққан вагондарды қалпына келтіру үшін Шымкент станциясынан қалпына келтіру пойызы жіберілген.
Жоғары вольтты электр желісіне зақым келіп, салдарынан шпалдар мен қураған шөптер өртенген. Өрт сөндірушілер 150 шаршы метр алаңдағы өртті сөндірді.
(Фото: видеодан кадр)