Түркістан облысы Түлкібас ауданында жүк пойызының вагондары жолдан шыққан жерде жолаушылар пойыздары кешігіп жатыр. Жолдан кешіккен жолаушыларға өтемақы төленеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ кешіккен пойыз бағыттарының тізімін жариялады. Олар:
— №21 «Семей-Қызылорда» пойызы;
— №203 «Астана-Шымкент» пойызы;
— №22 «Қызылорда-Семей» пойызы;
— №46 «Түркістан-Павлодар» пойызы;
— №24 «Ақтөбе-Алматы» пойызы;
— №55 «Көкшетау-Қызылорда» пойызы;
— №87 «Алматы-Сарыағаш» пойызы;
— №78 «Маңғыстау-Алматы» пойызы;
— №30 «Атырау-Алматы» пойызы;
— №34 «Ақтөбе-Алматы» пойызы.
Қозғалыстың қалпына келтірілуі 26 маусым күні таңғы сағат 04:00-ге жоспарлануда. Жолаушылар тамақ және ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
«Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Сондай-ақ ережелерге сәйкес әрбір толық кешігу сағаты үшін жол жүру құнының 3%-ы мөлшерінде өтемақы төленетінін хабарлайды»,-деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері.
Еске салсақ, 25 маусымда сағат 19:20-да Түлкібас-Арыс учаскесіндегі Менлібай-Көктөбе қиын иінді аумағында жүк пойызының вагондары жолдан шықты. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жүк пен жылжымалы құрамда өрт болмаған. Теміржолшылар осы учаскедегі қозғалысты қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Оқиға орнында Шымкент, Арыс және Тараз стансаларынан қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеуде. Жолдан шығудың алдын ала себебі — жеке вагонның доңғалақ жұбының осі сынып қалуы.
Анықтамалық ақпаратты «1433» нөмірі бойынша алуға болады.
(Фото: instagram.com/jolaushylar_tasymaly)