Түркістан: Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған жоспар құрылмақ

102
Фото ТО әкімінің баспасөз қызметі
Тұрғындар арасында экологиялық мәдениет ақсап тұр. Бұл туралы мамандар облыс әкімдігінде өткен  кезекті мәжіліс отырысында мәлім етті. Ал облыс басшысы өңірде тазалық жұмыстарын жыл соңына дейін үздіксіз өткізу туралы тапсырма берді. 
Өңірде экологиялық мәдениет қалыптаспаған дейді мамандар. Сондықтан  президент әкімшілігінің инспекторы Ерлан Исабеков халықтың аталған салаға көзқарасын өзгертетін 2024-2029 жылдарға арналған жоспар құруды ұсынды. Сонымен қатар ол абаттандыруға қатысты қағиданың дұрыс дайындалмағанын айтады.
«Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмыстарды күшейту керек. Жыл соңына дейінгі бекітілген іс-шаралар тиісті деңгейде өтуі қамтамасыз етілсін. Абаттандыру қағидасы күшейтілсін. Қоқыс көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмысы жүргізіліп, рейдтер жасалсын», — дейді Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков.
Осыған байланысты облыс басшысы аталған шараға барлық маман мен тұрғындар атсалысу керектігін айтады. Ол үшін арнайы тапсырма да берді.
«Әріптестер сілкініп жұмыс істеу керек. Бұл күштеп жұмыс істететін емес, өзіміз ынтамен кірісетін тірлік. Айнала таза болса, қоғам таза болатын шығар. Ертең адам ойы да таза болады. Осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Жәй өтініш емес, талап етеміз. Полициямен бірлесе жұмыс істеңіздер. Егер жұмыс нәтиже бермесе бірінші ауылдық округ әкімдері, орынбасарлары мен аудан әкімдеріне шара көреміз», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ал жауаптылар Түркістанда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 4 мың тоннаға тарта қоқыс шығарылғанын айтады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жоба жасақталған. Жоспар аясында өңірде 900-ден аса іс-шара өткізу көзделіп отыр
«Акцияға 74 мыңға жуық тұрғын, 2 мыңнан аса мемлекеттік органдар, 3000 аса бизнес өкілі, 5 мың ерікті, 669 техника жұмысқа жұмылдырылып, 4 мыңға жуық тонна қоқыс шығарылды», — дейді Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары облыста 478 экологиялық заң бұзушылықтар анықталған. Ол бойынша арнайы нұсқама берілді. Сонымен қатар 462 заңды және жеке тұлғаға 138 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.