Түркістан өңірінің түлектері ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен тутұғырлар тарту етіп жатыр

28
фото ТО ӘБҚ

Елімізде 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні болып аталып өтеді. Осынау айтулы күні егемендіктің нышаны болған рәміздер насихаталады. Жастарды патриоттыққа баулу, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Түркістан облысының аудан, қалаларында ерекше үрдіс қалыптасып келеді. Мектепті 20-30 жыл бұрын бітірген түлектер туған ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен Тутұғыр салып беруде.

Бұл жөнінде Мемлекеттік рәміздер күнінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы тоқталып, өңірдің отаншыл азаматтарына ризашылығын білдірді.
Былтыр Созақ ауданындағы түлектердің осындай тартуы ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі. «Созақ» мектеп гимназиясын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылға кіре-берістегі саябақ алдына «Рәміздер» алаңын салып берді. 23 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатылды және Елтаңба мен Қазақстан картасы бейнеленіп, Әнұран мен ауыл тарихы жазылған үлкен белгі қойылды. Аллея аумағы абаттандырылып, шырша егілді. Сонымен қатар Отырар ауданының екі бірдей ауылында да игі бастама іске асқан. Атап айтқанда, Балтакөл және Маяқұм ауылдарының мектепті 20, 30 жыл бұрын бітірген түлектері өз қаражатына «Рәміздер» алаңын салып берген болатын. Жақсы үрдіс биыл да жалғасын тауып, Сауран ауданындағы мектеп түлектері ауыл тұрғындарын ерекше сезімге бөлеп, 2 Тутұғыр салып берді.
Бүгінде жалпы өңірдегі Тутуғыр саны 26-ға жетті. Биыл Мақтаарал ауданында демеушілердің қолдауымен тағы да 1 «Рәміздер» алаңы бой көтеріледі деп жоспарлануда. Мұндай игі істің елдікке шақыруға, өскелең ұрпаққа рухты тәрбие беруге ықпалы зор. Өйткені алдағы уақытта мұнда патриоттық, рухани-мәдени іс-шаралар өткізіледі.