Түркістан: Қоқыстарды қайта өңдеу үлесін 26 пайызға жеткізу жоспарланып отыр

фото Отырар.кз

Енді Түркістан облысында қоқыс полигондарын ретке келтірмеген әкімдердің жауапкершілігі қаралады. Жалпы өңірдегі 151 полигонның 71 пайызы талапқа сай келмейді. Облыс аумағында 5 айдың ішінде қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 22,2%-ға жетіп отыр. Бұл нәтижені жыл соңына дейін 26 пайызға жеткізу жоспарланған.

Түркістан облысы аумағында тұрғындар санының көбеюіне байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі артып келеді. 2024 жылдың 5 айында қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 22,2%-ға жетіп отыр. Жыл қорытындысымен межені 26%-ға жеткізу жоспарланған. Қазығұрт, Отырар, Шардара, Бәйдібек, Келес аудандары аумағында қоқыстарды сұрыптау кәсіпорындары болмағандықтан қоқыстарды қайта өңдеу көрсеткішін орындау күмән келтіруде.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқарма ұсынған деректерде алшақтық бар. Нақтылап, шынайы ақпаратты ұсыныңыздар. Қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигондардың бәрі санитарлық талапқа сай әрі сапалы болуы тиіс. Тұтас зерделеп, қадағалаңыздар. Қоқысты өңдеу бойынша тиісті жұмыстар атқарылсын«.

2023 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ арқылы облыс аумағында ғарыштан түсірілім жасалып, елдімекендер аумағында қатты тұрмыстық полигонның сыртында бей-берекет қоқыстар тасталған 414 нүкте анықталған. Ал биыл 19 нүкте анықталып, оның үшеуі тазаланған. Түркістан облысы аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендірудің 3 жылдық жоспары әзірленіп, бекітілген. Алайда аудан, қала әкімдіктерімен осы күнге дейін жұмыс жүргізілмеген.

Қайрат Абдуалиев, Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: «Жинаудан бастап, оларды сұрыптаумен айналысатын мердігер мекемелерге субсидиялау тетіктері мен несиелендіру «Жасыл Даму» АҚ-ы қаржысы есебінен қарастырылған. Облыстан бүгінгі күнге 14 жоба мақұлданған«.

Өңірде 800-ден астам елдімекеннің 361-і қоқыс шығару қызметімен қамтылған. Аудан, қалалар аумағында 151 қатты тұрмыстық полигон орны белгіленген. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде облыстағы 151 полигонның 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.