Түркістан өңірінде алты жүзге жуық сенбілік өткізіледі

Дархан Сатыбалды тиісті жауаптыларға «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Өткен аптада облыстың 30 елді-мекенінде сенбілік өткізіліп, 250 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Өңірде жалпы 600 сенбілік жоспарланып отыр.

Трактор тізгіндеген әйелді көру қандай сирек көрініс болса, бүтін бір қаланың әкімінің мұндай көлік жүргізгенін көру де күнде бұйыра бермейді. Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова өңірді басқарып қана қоймай, трактор жүргізе алады. Гүлжан Мамытқызының тіпті куәлігі де бар. Қала басшысы «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуда. Әкім бастаған белсенділер тобында мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, спортшылар мен өнер азаматтары, қала жастары бар.

Қанат Нарбеков, Арыс қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі: «Мәдениет және спорт басқармасының, қаланың барлық кітапханалары мен спорт ұйымдарының қызметкерлері апта сайын бізге сеніп тапсырылған жерлерді тазартады. Арыс қаласы секторларға бөлінген, бізге үшінші сектор берілді. Баршаңызды «Таза Қазақстан» акциясына қатысуға шақырамын».

Түркістан облысында бір аптада 250 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. 30 елдімекенде жүргізілген сенбілікке 50 мыңнан астам тұрғын қатысып, 69 техника тартылды. 400 шақырымдай ауыл жолдары, 121 мемлекеттік мекемелермен іргелес аумақ, 500-ден астам кәсіпкерлік нысандары мен іргелес аумақтары тазаланды. 57 аялдама мен 1 291 көше бойындағы ағаштар ретке келтірілді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ел ішінде өтіп жатқан маңызды экошараны қолдаған барша жерлестеріме алғысымды жеткіземін. Мәдениеттіліктің -бастауы – тазалықта. Тазалық табалдырықтан басталады. Аула таза болса, ауа да таза болады. Біз тазалықты сақтау, ағаш егу, айналаны гүлдендіруді өмірлік дағдыға айналдыруымыз керек. Бейжай қарамау керек. Өз ортамызды, айналамасызды таза ұстауымыз керек. Кең байтақ даламыз да, ауыл да қалаларымыз, бәрі де – өзіміздікі. Бізге ешкім сырттан келіп, оны тазалап бермейді. Бар байлығымызға жанашырлықпен қарайық. Тазалық бәрінің айнасы. Бізге келіп жатқан қонақтар алдымен кіре берістен төрге дейін тазалыққа қарайды. Сондықтан оны жақсартуға бір адамдай атсалыссақ».

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауаптыларға «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Арыс қаласында өткен экоакцияға қала тұрғындары, мемлекеттік орган қызметкерлері, қала жастары жұмылдырылды. Облыстағы демалыс аймақтарында тазалықты қамтамасыз ету мақсатында «Машат шатқалында» да сенбілік өткізілді.

Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары: «Облыстық демалыс аймақтарын тазалықпен қамтамасыз ету мақсатында энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мақсатында Түлкібас аудандық әкімдігімен «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Машат шатқалында» сенбілік жұмыстары жүргізілді».

Тазалық жұмыстары денсаулық сақтау саласында да қарқынды жүруде. 724 денсаулық сақтау нысаны қызметкерлері сенбілікке белсенді атсалысып келеді. Жалпы өңірде 600-ге жуық сенбілік өткізу жоспарланған.