«Зәр мен нәжіс берген»: Балалар омбудсмені Шымкентте асырап алынған балаларға қатысты сұмдық деректермен бөлісті

478

(Фото: istockphoto.com)

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева асырап алған балаларды әбден қинады деп күдікке ілінген ер кісінің әрекеті туралы адам шошытарлық деректермен бөлісті. Балалар омбудсменінің мәліметінше, ер адам оларға зәр мен нәжіс берген. Қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданған. Сонымен қатар мектеп педагогтері мен қорғаншылық органы қызметкерлерінің үстінен іс қозғалған.

Бұл туралы Динара Закиева желі парақшасында жазды.

«Аталған қылмыс бойынша ақпан айынан бастап Ішкі істер министрлігімен, Бас прокуратура және Шымкент қаласы бойынша балалар омбудсменімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде көптеген сұмдық мәліметтер бар. Үлкен баланың берген жауабына сәйкес, балаларға зәр ішкізіп, нәжіс берген. Іс сотқа жіберілді»,-деп жазды Динара Закиева.

Бұдан өзге үлкен балаға мемлекеттен беріліп келген жинақталған қаржысының жұмсалу дерегі бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр. Болжам бойынша ол қаржы баланың өзі баққан ешкіні сатып алуға жұмсалған болуы мүмкін.

«Бұл ретте үлкен баланың денесіндегі көгерген іздерді көрген мектеп мұғалімдеріне, сондай-ақ қорғаншылық органына қойылар сұрақ көп. Олардың да үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр»,-делінген жазбада.

Шымкенттегі бұл факт еліміз бойынша соңғы бірнеше айда дәл асырап алынған балаларға қатысты жасалынған төртінші оқиға болып отыр екен.

Балалар омбудсменінің дерегінше, елімізде қамқоршылық органы қызметкерлерінің саны бала санына шаққанда өте аз. Мәселен, жыл басында Шымкентте 485 мың балаға 5 қамқоршылық қызметкері, яғни бір қызметкерге 90 мың баладан келген. Оған қоса бұл қызметкерлердің алып отырған жалақысы да мардымсыз.

«Қорғаншылық қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін жүйелі шешу үшін біз Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және депутат Ю.В.Кучинскиймен бірлесіп, қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі қызметкерлердің құзыреті мен нормативтік санына қатысты заңға өзгеріс енгізу бойынша түзетулер енгізіп, ұсыныс жолдадық. Бұл түзетулер қазіргі таңда Үкіметтің қарауында», — деп жазды Динара Закиева.

Аталған түзетулер қабылданса, халықаралық стандарттарға сай 5 мың балаға 1 қорғаншылық қызметкері беріледі. Яғни, Шымкентте 90 қызметкер болады. Сонымен қатар олардың жалақысы 50 пайызға артады.

Облыстық және республикалық маңызы бар қалалардағы әкімдіктер қорғаншылық қызметкерлері санын көбейту мәселесін қолдайтынын жазбаша растаған. Ал жалақыны көбейтуді үш өңірден басқа әкімдіктер қолдап отыр. Қазіргі таңда келісімін бермеген жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске салсақ, біз бұған дейін Шымкентте алты баланы асырап алған ер кісі оларды әбден қинап, азаптап келгенін жазған болатынбыз. Балалардың айтуынша, ер адам оларды жұмысқа жегіп, жуындырмай, аяқ-қолын байлап ұстаған. Тіпті ит пен мысық сойып, солардың етін берген.