«217 млрд. теңге»: Түркістан ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша республикада көш бастады

26

Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артып, республикада көш бастап тұр. Дегенмен өңірде көшке ілесе алмай, атқарылуы тиіс жұмыстар тұралап қалған аудан, қалалар да бар.

217 млрд. теңге! Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша дәл осындай нәтижеге қол жеткізіп, республикада көш бастады. Дегенмен бұл салада көрсеткіші төмен аудандар мен қалалар да жоқ емес. Өңір басшысы жоспарды орындамай, тірлікті тұралатқан бірқатар жауаптыларға қатаң ескерту жасады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өнімділікті арттыру үшін су үнемдеу және басқа да жаңа технологияларды енгізу маңызды. Әрбір аудан әкіміне су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша индикатор белгіленіп, нақты жоспар берілсін. Бөлінген тыңайтқыштар туралы да шаруаларға ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Бұл қолдауды тиімді пайдалану керек. Көрсеткіші төмен аудандардағы жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара көріледі. Ізденіңіздер, ауыл шаруашылығына инвестиция тартыңыздар. Бұлай жасамасақ, өңірдің әлеуеті көтерілмейді. Ауыл шаруашылығы саласындағы техникаларды жаңарту жұмысын да жандандыру қажет»

Өңірде су үнемдеу технологиялары бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілмеген аудан қалалар бар. Тиісті басқарма басшысы, олар тіпті жыл соңына дейін межеленген жоспарды орындай алмауы мүмкін деп отыр.

Нұрбек Бадырақов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы: «Жартыжылдықта 13 мың га тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Оның ішінде 8,1 мың гектарға тамшылатып, 4,9 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары орналастырылған. Су үнемдеу технологиялары Жетісай, Бәйдібек, Ордабасы, Сауран, Түлкібас аудандары мен Кентау қаласында тиісті деңгейде ұйымдастырылмай отыр. Егіс егу науқанының аяқталуына байланысты аталған аудандар жылдың қорытындысымен жоспарды орындамау қаупі бар»

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес биыл облысқа 157 тоннаға жуық минералды тыңайтқыш жеткізу жоспарланған. Бүгінде оның 98 мың тоннаға жуығы сатып алынған. Дегенмен тыңайтқыш жеткізілгенімен оны себу жұмыстары кей аудандарда мүлдем орындалмай отыр.

Нұрбек БАДЫРАҚОВ, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
«Бүгінгі күнге 97,9 тонна минералды тыңайтқыш сатып алынды. Дегенмен жоспар Төлеби, Түлкібас, Созақ, Отырар, Келес, Сайрам аудандарында төменгі деңгейде орындалса, Кентау қаласында тыңайтқыш себу мүлдем орындалмады. Тауар өндірушілерді қолдауға облыстық бюджеттен 7 млрд. теңге бөлініп, толық игерілді. Қосымша қажетті 5,4 млрд, тг республикалық бюджеттен бөлу туралы министрлікке өтінім жолданды»

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға жуық аумаққа егілді. Жауаптылар бұл жолы Рентабельді дақылдарға басымдық берілгенін айтты.

Нұрбек БАДЫРАҚОВ, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
«Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 3400 га артып, жалпы 873 мың га орналастырылды. Рентабельді дақылдарға өтуге басымдық берілуде. Атап  айтқанда,  масақты  дақылдар  8  мың  гектарға (281 мың. га) малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың. га) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың. га) артығымен орналастырылса, мақта дақылының егіс алқабы 11 мың гектарға (100 мың. га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың. га) қысқартылды»

Бүгінде 282 мың гектар астықтың 220 гектары орылып, 554 мың тонна өнім жиналды. Жалпы 716 мың тонна дән жинау күтіліп отыр.