Балалар темір жолы серуен алаңына айналды

34

Қалада халық серуендейтін тағы бір аймақ ашылды. Енді балалар теміржолы серуен алаңына айналды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков заманауи талапқа сай абаттандырылған аумақты электросамокатпен аралап шықты.

Шымкенттегі балалар теміржолы серуен алаңына айналды. Орталық стадионнан Дендропаркке дейінгі аумаққа жүгіру және велосипед жолдары салынды. Ұзындығы алты шақырымға жуық жолға 2 бірдей балалар ойын алаңшасы да орнатылған. Мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков электросамокатқа мініп, құрылыс барысын тексеріп шықты.

Алдағы уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жол бойына бейнекамералар орнатылмақ. Сондай-ақ, турполиция тәулік бойы патрульдеу ұйымдастырады дейді жауаптылар.

Ролан Ибрагимов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасның басшысы: «Энергетика саласындағы мердігер мекемелер түнде де халыққа жағдай жасау үшін 5.2 км-ге жарық шамдарын қойып берді. Балалар мен жаяу жүргіншілер құлап кетпеу мақсатында шынжырлар мен тиісті қауіпсіздік шаралары қаралады. Одан бөлек, Ұ.Арғынбеков, С. Бәйтереков көшелерінің қиылысына ақылды бағдаршам қойып жатырмыз. Тиісті жол белгілері де қойылды. Қауіпсіздік ережелін сақтап жүрулеріңізді сұраймыз»

Мамандар нысанның тарихи келбеті сақталып, станциялар мен вагондардың жаңартылатынын айтты. Сонымен қатар, жаңа кофеханалардың да құрылысы жүріп жатыр. Айта кетейік, бұл атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы демеушілер есебінен жүзеге асып отыр.