Құрылыс заттарын сататын заңсыз базарлар қала сыртына көшеді

83
фото Отырар.кз

Шымкентте құрылыс базарлары қала сыртына шығарылады. Ол үшін қазір 5 нысан мен арнайы индустиялық аймақ қарастырылған. Қазір әкімшіліктен жер бөлініп, кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр

Шымкентте құрылыс заттарын сататын базарлар қала сыртына шығарылады. Ол үшін арнайы 5 орын таңдалып, жері дайындалды. Оның бірі Ынтымақ ықшам ауданында орналасқан. Мұнда әкімдік тарапынан 77 гектар жер бөлініп, кәсіпкерлер үшін жағдай жасалып жатыр. Ал бүгін мамандар саудагерлердің басын қосып, түсіндіру жұмысын жүргізді.

«Орталықта, Қайтпастағы базар не болады?

— Ол жердегі базардың нысаналы мақсаты басқа, қазір ол ретсіз, заңсыз сауда. Сол себепті барлық ағаш базарлары сыртқа көшеді. Орындары белгіленген. Ағаш сататындар ғана емес, сонымен қатар шлакоблок, құм, тас сататындар көшеді. Мұнда болмаса да индустиялық аймақтарға ауысса да болады.

— Мұнда көріп тұрсыздар 10-15 күн болды. Ағаштар айнып жатыр. Ертең ештеңеге жарамай қалады.

-Біз сіздерге мерзім бергенбіз. Осы демалыс күн осында бәрі көшеді»

Мамандар жаз кезінде құрылыс материалдарын таситын жүк көліктері көбейіп, кептеліс тудыратынын айтады. Сонымен қатар, жақын маңдағы аудан тұрғындары құрылыс жүргізу үшін керек жарақты Шымкенттен келіп алып кетеді. Оның бәрі салынған жол сапасына да әсер етіп жатыр дейді жауаптылар.

«Абай ауданында 22 шағал тас пен құм сататан кәсіпкер бар. Ағаш сататын кәсіпкерлер бар.  Жеке үйінде 30-ға жуық қара металь қабылдайтын азаматтар бар. Алпысбаев көшесі темірге толып қалды. Оның бәрін әр жерді қазып әкеледі. Қорғасын зауытынн кәулеп әкеліп, өткізіп жатыр. Оның бәрінің радиациясы бар. 6 ай алдын жағдай жасаңыздар деп айттыңыздар. Енді жағдай жасалды», дейді қала әкімінің кеңесшісі Бұхарбай Парманов.

Қала ішіне құрылыс заттарын ауырлығы 8 тоннадан аспайтын көліктермен алып кіруге болады. Дегенмен кәсіпкерлер бұл зат бағасының қымбаттауына алып келуі мүмкін дейді. Ал ол сауданың тұралап қалуына әкеліп соға ма деп алаңдаулы.

«Құм Арыстан келеді. Мұнда қоя салу тиімсді. Ал тас Қарамұрттан келеді. Ол айналып мұнда келемдегенше 1000 теңге үстіне қосылады. Оны сатып алып, қалаға жеткізу үшін тағы ақша төлейді. Осылай баға қымбаттайды. Бұл халыққа қымбат болып тұр», — дейді кәсіпкер Жақсылық Әлімбеков.

Кәсіпкерлер өз мәселесін айтып қала басшысына да кірдік дейді.

«Кеше әкімге кіріп, өз ұсынысымызды айттық. Өзіміз тұрған жердің айналасын әдемілеп алсақ. Онда қалаға жететін тауарды алып қалып, көп көлемін осында қойма ретінде сақтасақ дегенбіз. Ойланатын нәрсе деген еді», — дейді кәсіпкер Жақсылық Әлімбеков.

Алайда бұл артық салмақты жүктің мегаполиске кіруіне сеп болатын көрінеді. Ал ондай жағдайда айыппұл саламыз дейді көліктік бақылау инспекциясы.

«Айыппұл салынып жатыр. Артық салмақпен жүруге рұқсат жоқ. Әркім өзінің жүк автокөлігіне белгіленген нормаға сәйкес жүк арта алады», — дейді Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Баязеров.

Құрылыс базарларын ауыстыру бойынша ақпан айынан бері кәсіпкерлерге ескерту жасалып, 5 орын толық жасақталған. Атап айтқанда, Бозарық шағынауданында 2 нүкте, Қызылсай шағын ауданында, Құрсай мен Ынтымақта 1 нысан құрылды. Сонымен қатар, жұлдыз индустиялық аймағында 29 гектар жер бөлінген.