Биыл Шымкентте қандай ірі құрылыс басталды?

443
фото Шымкент қаласының құрылыс басқармасы

Шымкентте қанша тұрғын үй салынып жатыр? Биыл құрылысы басталған не алдағы уақытта басталатын ірі құрылыстар қандай? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев жауап берді.

Биыл Шымкентте қанша тұрғын үй пайдалануға беріледі?

2023 жылы Шымкент қаласында 100 көпқабатты үйдің құрылысы басталған болатын. Былтыр жылдың соңына дейін оның 34-і қолданысқа берілді. Ал қазір 77 көпқабатты үйдің құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл құрылыстың бәрі Ақжайық және Бозарық шағынауданында салынып жатыр. Біздің келісімшарттағы жоспар бойынша Ақжайық шағынауданындағы үйлерді қыркүйек айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Қазір сол жақта 26 бесқабатты үйдің құрылысы қарқынды жүріп, маусымның соңында аяқталды. Қазір инженерлік инфрақұрылым жұмысы тартылып жатыр. Әрі абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Қыркүйек, қазан айында тапсыруды көздеп отырмыз. Және де Бозарық шағынауданында тағы да 29 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл үйлердің құрылысын жыл соңына дейін бітіріп, 77 көпқабатты үйдің 66-ы тапсырылады. Бұл дегеніміз – 2670 пәтер, яғни 207 мың шаршы метр.

Енді осы үйлердің сапасына тоқталайықшы, ең бірінші шағым сапаға айтылады? Мұндай болмауы үшін не істеп жатырсыздар?

Қазір жұмыс барысында басқарма тарапынан тұрақты түрде бақылау жүргізіліп тұрады. Сонымен бірге аптасына бір рет арнайы жиналыс өткізіп, авторлық техникалық қадағалауды да жүргізіп тұрамыз. Және де құрылысқа қолданылып жатқан материалдарды да тұрақты тексеріп тұрамыз. Мен бұл үйлердің сапасы жақсы болады деп сенемін.

Ал салғырттық танытып жатқан мердігер мекемелер бар ма?

Ақжайық елімекеніндегі 25 көпқабатты үйге жауапты 6-7 мердігер мекеме бар. Қазірге дейін олардың арасында салғырттық танытып, салдарынан жұмыс жүрмей қалған жағдай болмады. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан да шағым бола қоймайды деп үміттенеміз. Менің алдымда отырған әріптестеріміз де жобалық сметалық құжаттарды әзірлеген кезде де сапаға өте мән берілген. Ол үйлердің өз гүлзары, аллеясы болады. Жұмыс сапасы қазір қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Енді Бозарықта салынып жатқан құрылыстарда шамалы мәселе туындаған болатын. Біз техникалық қадағалаумен бірге айыппұл салып, қазір бәрін орнына келтірдік. Бүгінгі таңда жұмысын дұрыс атқарып жатыр.

Биыл құрылыс басқармасының бюджеті қанша болды?

Қазір 2024 жылға өтіп жатқан 103 жоба бар. 137 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл құрылыс басқармасына бөлінген бюджет – 144 миллиард теңге. Бұл қаржы құрылыс салуға сатып алуға, инженерлік-инфрақұрылымды жүргізуге, абаттандыруға, әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмысы, осындай тағы басқа басқарманың жұмысына қарыстырылған қаражат.

Құрылыс басқармасының функционалды міндеттемесіне инвестиция тарту бар ма?

Құрылыс басқармасының функционалды міндеттемесіне инвестиция тарту мәселесі қарастырылмаған. Бізде біраз нысан демеушілердің есебінен салынады. Қазір қаламызда бірнеше гүлзар салынды. Оның бәрі демеушілер есебінен жүзеге асып отыр. Қала көркеюіне атсалысқан демеушілердің арқасында осындай жақсы жұмыс жүзеге асып жатыр.

Алда қаламызда қандай ірі құрылыс салу жоспарда бар?

Өздеріңіз білесіздер, қаламыздың «Ордабасы» футбол клубы былтыр чемпион болды. Болашақта бұл клубтың дамуы керек. Сол себепті қала басшысының тапсырмасымен 35 мың орындық стадионның капсуласы салынды. Қазір эскиз жұмысы әзірленіп жатыр. Оны халықаралық стандартқа сай қылу үшін шетел мамандарын тарттық. Және де қаламызда 1100 орынға арналған опера және балет театрын салу жоспарда бар.

Және де білесіздер, жақында ғана Шымкент Сити саябағы пайдалануға берілді. Ашылуында адам сыймай қалды. Демеушілер есебінен тағы да осындай демалыс аймақтарын салуды көздеп отырмыз.

Қала орталығына көпқабатты үйлер салына ма және қанша үй реновациядан өтеді?

Қала орталығында үй салатын жер жоқ. Бір үй салу үшін нормаға сәйкес, белгілі бір көлемде жер болу керек. Бірақ орталықта ондай жер жоқ. Ал реновациядан өтетін үйлер үшін «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірігіп, демеушілер тартып жатырмыз. Бұл – қала келбетін жаңарту үшін атқарылып жатқан жұмыс. Біз бұл бағыт бойынша да демеушілер іздеп жұмысты жүргізіп жатырмыз. Ескі үйлерді жаңарту үшін сол үйдің тұрғындары модернизациядан өткізу бойынша тұрғындар келісіп, ұсыныспен шығу керек. Қазір он шақты ескі үйді жеке кәсіпкерлер сатып алып, оны бұзып, орнына жаңа үй салып жатыр. Бұл жұмысты қадағалау біздің басқарманың құзіретіне кірмейді. Бірақ құрылыс жұмысы жүріп жатқан соң біз оларды барып, көріп, бақылап жүреміз. Біз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге ұсыныс беріп жатырмыз. Қазір зерделеу жұмысы жүріп жатыр.

Жоғарыда құрылыс басқармасының бір міндеті – дайын құрылысты сатып алу екенін айттыңыз. Сатып алуға қойылатын талап қандай және биыл қанша дайын құрылысты сатып алу жоспарда бар?

2023 жылдың қорытындысы бойынша 1200-ге жуық пәтер сатып алынған. Бұл пәтерлер жұмыс істейтін жастарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. Бұл дайын құрылысты сатып алу, 4-5 жылдан бері жүріп жатыр. Бұл жеке кәсіпкерлерді жұмысқа ынталандыру, жаңа жұмыс орнының ашылуына себеп және де бәсекелестікті дамыту болмақ. Бұл жерде жеке кәсәпкерге де қойылатын талап болады. Ол адам «жерім бар екен» деп үй салып, кейін бізге сата алмайды. Ең әуелі осындай жері бар екенін айтып, басқармаға келіп, үйдің архитектурасын таныстырады. Және де біздің басқарма талабына сай болуын назарға алады. Осы талаптарға сай болған жағдайда біз ол жеке кәсіпкерден сатып алу жұмыстарын жүргіземіз. Биыл 1900 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Қазір талапқа сай жұмыс жүргізіп жатқан 7-8 мердігер мекеме бар. Тағы бір айтарым, біз «талапқа сай салып келіңдер, содан кейін барып сатып аламыз» деп қарап отырмаймыз. Құрылыс салынып жатқан кезде де сапасын, бәрін қадағалап отырамыз. Жобалау жұмысын жасағаннан бастап, бағыт-бағдар береміз, салынып жатқан кезде де сапасын қадағадаймыз. Осының бәрі талапқа сай жүргізілген жағдайда сатып алуға болады.

Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР