Түркістан облысын сапасы ауыз сумен қамту үшін биыл 61 жоба қолға алынады. Ол үшін бюджеттен 14,1 млрд теңге бөлінген. Ал жыл соңына дейін 35 нысан ел игілігіне беріледі деген жоспар бар.
Түркістандағы ауылдардың 97,3 пайызы ауыз сумен қамтылған. Осылайша еліміздегі статистика бойынша өңір 7 орынға тұрақтады. Былтыр аймақтағы ақуалды жақсарту үшін 70 нысанға құрылыс жүргізіліп, 20 елдімекен тіршілік нәріне қол жеткізді. Ол үшін бюджеттен 18,6 млрд. теңге бөлінген.
«Қаладағы 8 жобаға 1,9 млрд тг, ауылдардағы 53 жобаға 12,2 млрд тг қарастырылған. Осы жұмыстардың қортындысымен қалалар 100 пайыз, ауылдар 98,1 пайызды құрайтын болады. 12 елді мекенде құрылыс жүреді. 3 елді мекенде ағымдағы жөндеу жүмысы жүреді, 14 елдімекенде кешенді блок модулі орнатылады. Оныу үшеуі орнатылды», — дейді ТО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков.
Былтыр Бәйдібек, Қазығұрт, Төлеби, Жетісай мен Мақтаарал ауданында 9 ауылдың тозығы жеткен құбырлары ауыстырылды. Ал биыл 12 елді мекенде жөндеу жұмысы жүреді. Дегенмен өңірде әлі күнге суды кестемен ішетін аудандар бар. Сондықтан облыс басшысы жауаптыларға осы мәселені шешуді тапсырды.
«Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал, Арыста суды кестемен ішіп отыр ғой. Бұл судың жетіспейді дегенін білдіреді. Ауыз сумен қамту жұмыстары жауапкершілікпен атқарылуы тиіс. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр», — дейді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Ал биыл 61 жоба үшін қазынадан 14 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 53-і ауылдық жерде жүзеге асады. Нәтижесінде былтырдан өтпеді 34 және 1 жаңа нысан жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.