Диспансерде тіркеудегі 1000-нан аса адам көлік тізгіндеген

63
Фото: Отырар.кз

Шымкентте психикалық ауытқуы бар 1000-нан аса адам көлік тізгіндеген. Олар былтыр арнайы тексеріс кезінде белгілі болған. Қазірге дейін оның тек 200-ден астамының куәлігіне шектеу қойылды. Дәл сол сияқты психикалық ауытқушылығы бар 10 адамның қоғамдық көлік жүргізгені анықталды.

Шымкентте арнайы диспансерде тіркеуде тұрған 1000-нан аса жеңіл көлік жүргізушісі анықталды. Олар 1300 рет ереже бұзып, 28-інде жол көлік оқиғасын тудырған. Соған қарамастан күнделікті көлік тізгіндеп келген. Бұл туралы қалалық прокуратура былтыр арнайы тексеріс жүргізу барысында белгілі болған. Мамандар қазір олардың куәлігін жарамсыз ету жұмыстары жүріп жатыр дейді.

«Сотқа талап-арыз беріліп, қазір 200-ден астам адамның жүргізуші куәлігіне шектеу қойылды. Бұл кісілердің медициналық қарсы көрсетілімі бола тұра, олардың қолында жүргізуші куәлігі болуы, қоғамға қауіптілігі бар екенін атап өтеміз. 2023 жылы қадағалау актісі енгізілген. Қазір сотта істер әлі қаралып жатыр», — дейді Шымкент қаласы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Қали Бейсенбаев.

Ал 10 автобус жургізушісі де наркологиялық және психоневрологиялық есепте тұрған. Сонымен қатар, прокурорлық тексеру кезінде 7 азаматтың куәлігі қоғамдық көлік тізгіндеуге сәйкес келмейтіні анықталған.

«2023 жылы прокурорлық тексеріс нәтижесімен наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұрған 10 автобус жүргізушілері мен автобустарды басқаруға тиісті санаты жоқ 7 жүргізуші анықталған. Басқару куәліктерінде «D» санаты қажет, ал жүргізушілерде тек «D1» санаты болған. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісімен анықталған жүргізушілердің басқару куәліктерінің күші жойылып жұмыстан бостылған. Атқарған жұмыс уақытында олардың басқаруымен жол апаты немесе жол көлік оқиғасы орын алмаған. Сонымен қатар жалған жүргізуші куәлігін пайдалану фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі қылмыстық іс қозғалған», — дейді Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Қадағалаушы орган мәліметінше заң талаптарын бұзған азаматтар жүргізуші куәлігіне психикалық ауытқушылығы анықталмай тұрып қол жеткізген. Ал халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері әрбір өтініш білдірген тұрғыннан медициналық анықтама сұралады дейді.

«Өзіміздің бағдарламамыз бар. Сонда наркологиялық және психоневрологиялық диспансермен интеграция жасалған. Барлығы сол жерде тексеріледі. Біздің базада көрсетіледі. Наркологиялық диспансерде, психоневрологиялық диспенсерде тіркеуде тұрған жағдайда біздің базада көрсетіледі. Одан кейін біз ол кісіге қызмет көрсетуді тоқтатамыз», — дейді Шымкент қаласы №1 мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысының орынбасары Нұрхан Байсейітов.

Үшінші мегаполис көлік оқиғалары бойынша елімізде 5 орында тұр. Жыл сайын талап күшейіп, тексеріс жүргізгенмен, апат саны азаяр емес. Түрлі оқыс оқиға тудыратындар қатарына психикалық ауруы бар азаматтар да кіреді. Айта кетейік, Шымкентте психикалық ауытқушылығына байланысты арнайы орталықта 12 мың азамат тіркеуде тұр. Ал 1000-нан аса азамат наркологиялық диспансерден ем алады.