«Фосфоршылар» сарайы қайта салынады

134
Фото: Шымкент қ. ІСжЖІ басқарма

«Сыра короліне» тиесілі мәдениет сарайының тағдыры шешілді. Әйгілі «Фосфоршылар» мәдениет ошағы қайта бой көтереді.

2024 жылдың сәуір айында сарапшы мамандар нысанның қазіргі жай-күйін, сенімділігі мен беріктігін тексеруге техникалық зерттеу жасады. Зерттеу қорытындысы бойынша сарайды бұзу туралы шешім қабылданды. Оның орнына сырт келбеті сақталған, заманауи, әрі жайлы ғимарат салынады.

Дегенмен, жаңа ғимаратта бұрынғы мәдениет үйінің қасбеті мен архитектуралық ерекшеліктері және атқаратын функциясы да сақталады. Бұл жөнінде Шымкент әкімдігі хабарлады.

Қаладағы «Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимараты 1975 жылы тұрғызылған. Өкінішке орай, кеңестік кезеңдегі сәулет өнерінің осы бір туындысы иесінің болғанына қарамастан, ұзақ жылдар бойы қараусыз қалды. Алдымен, ондағы құнды заттың барлығы тоналған. Одан кейін нысанға металл ұрылары қол сұқты. Олар бетондарды қиратып, арасындағы арматураларды кесіп алып, ғимараттың конструкциясына орасан зор зиянын тигізді.

Фото: Шымкент қ. ІСжЖІ басқарма

Жаңа ғимараттың құрылысымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысатын болады. Жұмыс күзде, ескі ғимарат бұзылғаннан кейін басталады деп жоспарланған. Қордың тапсырысы бойынша мамандар болашақ мәдениет сарайының толық дизайн-жобасын әзірледі.

«Біздің бірінші кезектегі міндетіміз — қасбеттердің жалпы архитектурасын сақтау болды. Жоба авторлары бұл талапты шеберлікпен орындап шықты», – деп хабарлады әкімдік.

Жобаға сәйкес, орталық порталдардың стилистикасы қайта қаралады. Атап айтқанда: оларға тарихи емес, бірақ, соған жақын қазіргі заманғы параметрлік ою-өрнектер қосылады. Оның негізінде заманауи стильге сай келетін көркем ромб бар. Осылайша, тарих пен қазіргі заман арасындағы нәзік байланыс сақталып қалмақ. Нәтижесінде сарайға қараған адам оны мүлде жаңа ғимарат деп айта алмайды, яғни, жоба дизайнерлері қазіргі күнмен астасып, тұтасып жатқан тарихи қасбетті жасап шыққан.

Фото: Шымкент қ. ІСжЖІ басқарма

Мәдениет сарайында әртүрлі өнер мен кәсіпті, пайдалы дағдыларды үйренгісі келетін адамдарға арналған білім беру орталығы жұмыс істейді. Ол үшін ғимаратта әртүрлі шеберханалардан (өнер, керамика, ағаш ұстасы, аспаздық зертхана, қолөнер, 3D прототиптеу, макеттеу, баспа цехы) бастап, дыбыс жазу студиясы мен телестудияға дейінгінің барлығы болады. Коворкинг және Digital-зертхана түріндегі жастарға арналған кеңістік те қарастырылған.

Аумақты абаттандыру да ұмыт қалмаған. Сарайдың маңына гүл мен ағаш көптеп отырғызылып, субұрқақтар, аллеялар, балалар және спорт алаңдары салынады.