«Халық заңгері» акциясы өтті

25
Фото: Отырар.кз

Арбат алаңында «Халық заңгері» акциясы өтті. Онда қала тұрғындары құқық қорғау органдары мен басқармалардың мамандарына өзін толғандырған мәселесін жеткізді. Жауаптылар кеңестерін беріп, проблеманың шешу жолын ұсынды.

Қала тұрғыны Қайырхан Жүнісов 2006 жылы Тұран шағынауданынан жер сатып алған. Алайда меншік иесі 2012 жылы оның қызыл сызыққа түскенін біліпті. Мамандар ол жер учаскесі арқылы жол жүргізілетінін айтқан. Мәселені шешу үшін ол 10 жылдан аса уақытын сапт етіпті. Ол енді меншіктік құқығын білу үшін халық заңгері жобасына жүгініп отыр.

«2023 жылы 4 қыркүйектен бастап, жер өзіме қайтарылды. Сол жерде өз үйімді сала аламын ба? Құрылыс жүргізе аламын ба? Кейін оны сата аламын ба? Осы сынды сұрақтарымды мамандарға қойып, кеңес алдым. Жақсы жауап берді. Әлі де қызыл сызықта тұр. Соны тексертсем «сізге хат жіберген. Сізден жерді алмайды» деп айтты», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қайырхан Жүнісов.

Ал жауапты мамандар мұндай мәселемен келушілердің көп екенін айтады. Сондықтан бірден шешу жолдарын ұсындық дейді.

«Оған бірінші кезекте мұрағатқа жүгінуді ұсындық. Құжаттын түбірі шықса, ХҚКО-на жүгініп, одан кейін жер участкесін табуға кеңес бердік. Қолымыздан келгенше заң аясында кеңесімізді бердік», — дейді Шымкент қаласы жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Айдар Төленді.

Ал заңгерлер қала тұрғындары әкімшілік және азаматтық істер бойынша көптеп жүгінгенін жеткізді. Сөздерінше олардың басым бөлігі алимент өндірудегі мәселені көтерген. Адвокаттар мұндай сәтте қолдау көрсетуге дайын екенін айтады.

«Осы уақытқа дейін 15 азамат пен азаматшаны қабылдадым. Тығыз қарым-қатынаста болсақ, халықтың уәжі де, проблемасы да аз болады. Сондықтан кеңес беруге дайынбыз», — дейді адвокаттар алқасының мүшесі Лаура Бидалиева.

Шарада заңгерлерден бөлек, құқық қорғау органдары мен әкімдік қызметкерлері қатысып, азаматтарда кеңестерін айтты.