Елдің басты құжаты қабылданғанына 29 жыл толды

24

Бүгін — Конституция күні. Еліміздің ең маңызды әрі басты құжаты 1995 жылдың 30 тамызында қабылданды. Содан бері Ата Заңға бірнеше рет өзгертулер енгізілді. Ең ауқымдысы 2022 жылы өткізілген референдум болды. Қазақстанда ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми түрде демалыс болып жарияланады. Конституция күніне орай Шымқаланың бірнеше бөлігінде мерекелік концерт өтеді.

30 тамыз — ел үшін маңызды мерекенің бірі. Бүгін еліміздің Ата заңының қабылданғанына 29 жыл толды! Мемлекеттік мереке Қазақстанның барлық өңірінде кең көлемде аталып өтіп жатыр. Үшінші мегаполис тұрғындары үшін Конституция күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.

29 жыл бұрын қазақстандықтар тарихи таңдау жасап, бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады. Қазақстанда тұратын әрбір адам елдің негізгі заңын құрметтеп, сақтауы тиіс. Себебі, Конституция – мемлекеттің ең басты заңы.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Конституция мемлекетіміздің негізі, егемендігіміздің кепілі. Бұл құжат – елдің бірегейлігін, тұрақтылығын, дамуын қамтамасыз ететін басты Заң болып табылады. Ата Заңымыз халқымыздың тәуелсіздігін әлемге жария етіп, Қазақстанның халықаралық аренада демократиялық жолмен дамып келе жатқан іргетасы берік мемлекет екенін айғақтады. Басты мерекелеріміздің бірімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Еліміз дами берсін!»

Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына әрдайым кепілдік береді. Ал Конституция күні – ел бірлігін, азаматтардың құқықтарын қорғайтын негізгі заңға деген құрметтің көрінісі. Айта кетейік, бүгін мерекеге арналған іс-шаралар қаланың бірнеше бөлігінде жалғасады.