Медицинадағы қордаланған берешек көп

46

Сенат депутаттары Айгүл Қапбарова мен Әлішер Сатвалдиев жұмыс барысымен Шымкентке келді. Сенаторлар қаладағы бірқатар нысанды аралап, жұмыс барысымен танысты. Мегаполистегі медициналық мекемелерді аралау барысында кредиторлық берешек мәселесі көтерілді. №1 қалалық аурухананың қарызы қанша млрд-ты құрап отыр?

Шымкенттегі №1 қалалық аурухананың қарызы 1 жарым млрд. теңгеден асып отыр. Бұл берешек соммасының біршама азайған көрсеткіші. Мұның алдында медициналық мекеменің кредиторлық қарызы 2 млрд теңге шамасында еді.

Тайбек Садықов, №1 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары :
«Көп аурухананың, соның ішінде біздің ауруханамыздың да біраз кредиторлық берешегі бар. Оның жасыратыны жоқ. Бұның негізгі бір себептерінің бірі, науқастарды емдеуге төленетін қаржының аздығы. Бұл мәселе қазір республикалық деңгейде қайта көтеріліп отыр. Оны өздеріңізде білесіздер. Соны жоғарылату керек»

Кредиторлық берешек — медициналық мекемелердегі басты мәселенің бірі болып отыр. Мегаполиске жұмыс сапарымен келген сенатор Айгүл Қапбарова Қазақстандағы барлық аурухананың қарызға батып отырғанын жасырмады. Депутат кредиторлық берешектің пайда болуын былай түсіндірді.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«Қазақстан бойынша барлық ауруханалардың кредиторлық берешегі бар. Оның себебі неде? Олардың көрсеткен қызметі шығынынан көп болып тұр. Яғни, қанша жылдан бері республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың тарифы өзгермеген. Бұл әрине азаматтардың сапалы қызмет алуына белгілі бір деңгейде әсерін тигізеді. Сол тарифтің бағасын көбейту жөнінде министрлік 1 маусымнан бастап қаулы шығарды. Бұл біріншіден халықтың сапалы қызмет алуына өз септігін тигізеді»

Қордаланған қаржылық қиындықтар науқастарды қажетті ем-домнан айырады. Ал халықтың басым бөлігінің қалтасы ақылы емделуді көтермейтіні белгілі. Сондықтан да, сенаторлар ауруханалардағы кредиторлық берешекті азайту және жою бойынша республика көлемінде тиісті жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді. Ал №1 қалалық аурухана мамандары қарыздарынан жыл соңына дейін құтыламыз деп отыр.