Қала әкімі БАҚ қызметкерлерін мерекемен құттықтады

1

БАҚ қызметкерлері күнін атап өту әлі жалғасып жатыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Шымкенттік журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кеште эстра жұлдыздары да өнер көрсетті. 

Жаңадан ашылған «Көл» демалыс аймағында алғашқы салтанатты шара өтті. Қала әкімдігі ұйымдастырған мерекелік кеште мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбеков шымкенттік журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Сіздердің еңбектеріңіз оңай емес. Оны білеміз. Күнделікті күш-жігерлеріңізді жұмсап, қоғамды болып жатқан мәселелермен таныстырып отырасыздар. Ең бастысы денсаулықтарыңыз мықты болсын! Әрқашан қаламдарыңыз талмасын! Сіздердің орындарыңыз ерекше!»

БАҚ қызметкерлеріне арналған кеште қала басшысы керемет жаңалықпен бөлісті. Енді Шымкенттегі «Спутник» демалыс аймағы «Журналистер» гүлзары деп аталмақ.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Спутник» гүлзарын «Журналистер» гүлзары деп атасақ деген ұсыныс келіп жатыр. Мен өз тарапымнан оны толықтай қолдап, орынбасарларыма, қызметкерлеріме тапсырма бердім. Қазір заңдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз»

Жиында аймақтың дамуына үлес қосып жүрген журналистер қауымы марапатталды. Қала әкімінің қолынан алғыс хат алғандардың арасында «Отырар» телеарнасының қызметкерлері де болды.

Абзал Тұрабеков, «Отырар» телеарнасының видео-инженері: «Бүгін міне БАҚ қызметкерлерінің күніне орай еңбегім еленіп, әкімнің қолынан марапат алып жатырмын. Қатты қуанып тұрмын. Жалпы қалам ұстаған журналистерді, әріптестерді құттықтағым келіп тұр. Осындай мерекелерге жылдан-жылға жете берейік. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қаламыз көркейе берсін!».

Жұлдыз Шүкенова, «Отырар» телеарнасының тілшісі: «Бүгін қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мегаполис басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап жатыр. Өте керемет іс шара ұйымдастырылған. Локация да жақсы таңдалған. Ұйымдастырушыларға осындай керемет кеш үшін алғысымды айтамын. Әріптестірімді мерекемен құттықтаймын!»

Мерекелік шара соңы лотореялық ұтыс ойынына жалғасты. Кеш қонақтары қала басшысы дайындаған қаржылай сыйақыдан бөлек, ұтыс ойындарына қатысып қомақты сыйлықтарға ие болды.