Шымкентте тағы бір демалыс аймағы пайдалануға берілді

3

Жергілікті тұрғындар «Озеро» деп атап кеткен орын жаңаша кейіпке еніп, ел игілігіне берілді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа нысанда болып, жергілікті тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Тақырыпты толығырақ демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысып қайтқан арна тілшісі жалғастырады.

«Озеро» атымен танылып кеткен бұл аумақ заманауи талапқа сай абаттандырылып, халықтың серуен алаңына айналды. Жылдар бойы қараусыз қалған көлдің түбі тазаланып, су қоймасы толтырылды. Алайда бұл көлде енді жүзуге тыйым салынады. Мұны қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Шомылуға болмайды бұл жерде. Толықтай қалаға көмектесемін деген демеушілердің қаражатымен істелді. Жалпы соңғы уақытта ашылып жатқан нысандардың барлығын демеушілер салып жатыр»

Жергілікті тұрғындар мұндай шешімнің қабылданғаны дән риза. Адам өмірі басты назарда дегендердің бірі Роза Байымбетова. 73 жастағы шымкенттік бала кезінде осы көлге 2 рет батып кете жаздағанын айтады. Сондықтан да, ол қала әкімінің бұл шешімін толықтай қолдап отыр.

Роза Байымбетова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына көлге кезінде 2 рет батып кете жаздаған едім. Шомылуға болмайды деген өте жақсы және маңызды шешім. Біз әкімге көп рақметімізді айтамыз»

Жауаптылар демалыс аймағының жоғарғы деңгейде жасалғанын айтады. Көгалдандырылған аумаққа озық үлгідегі жарық жүйелері жүргізіліп, субұрқақтар орнатылған. Сонымен қатар, 950 шаршы метрге бетон төселсе, 350 шаршы метр гранит жаңаланған. Мамандар бұл аумаққа жерасты суының тартылғанын айтады.

Жарылқасын Мәшбек, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқарма басшысының орынбасары: «Озеро аймағына «Кең баба» деген жерден мотормен айдалып, жерасты суы келеді. Бүгінде техникалық қажеттіліктердің барлығы жаңартылды. Қазіргі таңда ол жерде көгалдандыру жұмыстары толықтай атқарылған»

Айта кетсейік, бұл жұмыстардың барлығы демеушілер есебінен жүргізілді. Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, демалыс аймағын таза ұстауға шақырды.