Шымкентте қай пән мұғалімдеріне вакансия бар? Биыл мектептердегі орын тапшылығы қалай шешіледі? Жайлы мектептер қашан пайдалануға беріледі? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева жауап берді.
– Қазір лагерьде қанша бала демалып жатыр, бұл бағытта қанша қаржы бөлінді?
– Біз «биыл 213 мыңнан астам баланы жазғы сауықтыру іс-шараларымен қамтимыз» деп жоспарлаған болатынбыз. Оның 18 мыңға жуығы қала сыртындағы лагерьде демалады. Оларға арнап қала сыртындағы 8 лагерьде демалыс ұйымдастырылған. Оның біреуі білім басқармасына қарасты «Ақсу» лагері. Қалған жетеуі мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған. Балаларды тамыздың 25-іне дейін кезең-кезеңімен 8 ауысымда қамтимыз деген жоспарымыз бар. Бұған мемлекеттен 399 миллион теңге қаржы бөлінген.
– Сіз жағдайдан хабардар болу үшін лагерьлерге барасыз ба?
– Мен демалыс басталмай тұрып, 2 лагерьді ескертусіз көріп қайттым. Ал жақында Ақсу лагеріне ескертусіз бардым. Сол лагерьдің жағдайы көңіл көншітер жағдайда емес екенін мойындау керек. 2024 жылы жобалық сметалық құжаттарды әзірлеп, келесі жылы бұл лагерьге күрделі жөндеу жұмысын өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Ақсу лагерінің асханасына, тазалығына шағым түсіп жатады. Бұған назар аудардыңыз ба?
– Мен балалар жататын бөлмелерді аралап, асханаға да кіріп шықтым. Және жоғары сынып оқушылары мен орта сынып оқушыларымен де жеке-жеке сөйлестім. Балалардан демалу ұнап жатыр ма, тамағы дәмді ме деп сұрадым. Олардан шағым болмады, демалысының мазмұнды өтіп жатқанын айтты. Себебі сол жерде қаламыздағы №1 оқушылар сарайының мамандары жұмыс істеп жатыр. Дегенмен сіздерге келіп түскен шағыммен таныстым. Мұнда ойландыратын сұрақтар бар. Сол себепті мұны назарға алып, шағым бойынша міндетті түрде тексеріс жүргіземіз. Және олқылықтарды жою үшін бәрін жасаймыз.
– Жылда мемлекеттік мектептерде «Мектепке жол» акциясы аясында көмек беріледі. Биыл жекеменшік мектептерге беріле ма?
– Жылда мемлекеттік мектептерде әлеуметтік әлсіз отбасынан шыққан балаларға қажет заттармен қамту үшін «Мектепке жол» акциясы жүргізіледі. Ол акция аясында әр балаға белгілі бір сома бөлінеді. Сол қаржыға баланың ата-анасы кеңсе құралдарын және киім-кешегін алады. Бұл қаражат мемлекеттік бюджеттен тек қана мемлекеттік мектептердің оқушыларына бөлінеді. Енді 2 жылдан бері осындай көмек түрін жекеменшік мектепте оқитын оқушыларға беру жайлы ұсыныс түсіп жатыр. Дәл қазір қолданыстағы заңға сәйкес біз бұл көмекті жасай алмаймыз. Өйткені №64 қаулыда мемлекеттік мектептерге деп нақты көрсетілген. Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін тиісті нормативтік құжаттарға «мемлекеттік» деген сөзді алып тастап, «жалпы білім беру ұйымдарына» деген сөзді енгізу қарастырылып жатыр. Заң күшіне енсе, біз өз тарапымыздан тиісті жұмыс жүргізуге дайынбыз.
– Жылда оқулыққа қатысты мәселе тыйылмайды, биыл алдағы оқу жылында бұл мәселе шешіле ма және жаңа оқу жылында оқулық сатып алуға қанша қаржы қаралды?
– Біз оқулықты бір көзден сатып аламыз. 676 миллион теңгеге 193 мыңнан астам оқулық сатып алып жатырмыз. Қазір оқулықтарды жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырыс аяқталды. Қазір аудит департаменттің бақылауында. Содан кейін келісім-шарт жасап, мектептерге жеткізу басталады. Тамыздың 15-іне дейін мемлекеттік мектептерге сатып алған оқулықтарды жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы жерде тағы да қайталап айтайын, жоғарыда айтылған заң күшіне енсе, онда жекеменшік мектептерге де, әсіресе тек қана мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс істеп отырған мектептерге мемлекеттік бюджет есебінен оқулық сатып алып беру мәселесі қарастырылады.
– Биыл неше жайлы мектеп пайдалануға беріледі, және оларға директор тағайындалды ма?
– Өздеріңіз білесіздер, биыл ҚР оқу-ағарту министрлігінің кадрлық резерв жобасы іске асырыла бастаған. Қаламызда 20 адам осы кадрлық резервке іріктелген. Қаламыздағы жалпы орта білім беретін мектептер, лицейлер сынды бірқатар мектеп басшысын сол резервтен алдық. Қыркүйекте пайдалануға берілетін 9 жайлы мектеп басшыларын да осы резервтен тағайындадық. Олар қазір ұйымдастыру мәселелерін шешіп, бала тізімін жасап, мөр дайындап жатыр. Алдағы уақытта жайлы мектептер орналасқан елдімекендерге барып, тұрғындарды жинап, ресми хабарлама жасап, мектеп басшысын таныстырамыз. Қала әкімінің жайлы мектептерге бірінші сол елдімекендегі халықтың балаларын орналастыру керек деген тапсырмасы бар. Техникалық қызметкерлердің бәрі сол жердегі тұрғындардан жұмысқа қабылданатын болады. Ал мұғалімдерге келсек, жанындағы мектептерден тұтастай бір сынып келетін болса, мұғалімімен бірге ауысу тәртібін тағайындаймыз. Ал қалған бос орындарға міндетті түрде №57 бұйрық талабына сәйкес, конкурс арқылы қабылданады. Және де біліктілік талабына сай келіп жатса, мүмкіндігінше сол елдімекен тұрғындарын мұғалім қызметіне қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазір сол елдімекендердің ауыл билерімен тығыз жұмыс жасап отырмыз. Ол кісілер де азаматтық белсенділік танытып жатыр. Рахмет айтқым келеді.
– Биыл қанша мектеп пен қанша балабақша күрделі жөндеуден өтеді?
– Биыл 4 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Олар – №8, №48, №120, №80 мектеп. Қазір осы 4 мектепте күрделі жөндеу жұмысы басталып кетті. Біздің жоспарымызға сәйкес, №8, №48 және №120 мектептерде бірнеше ғимарат бар. Соның бір ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіледі. Қалған ғимаратында балалар бөлініп-бөлініп оқиды. Ал №80 мектепте күрделі жөндеу аяқталғанға дейін қосымша ғимарат жалға аламыз. Себебі күрделі жөндеу жұмысы 1 қыркүйекке дейін бітпеуі мүмкін. Ал 8 балабақшаға күрделі жөндеу жұмысын жасау жоспарланған. Олар да мемлекеттік балабақшалар.
– Балабақшаларға конкурс қашан басталады және қанша бала қарастырылған?
– 2024 жылы 3050 орын жоспарланған еді. Мемлекеттік балабақшаларға 150 орынға конкурс жүргіздік. Қазір 2 мыңға жуық орын қалды. Оның 1000 орнын тағы конкурс арқылы дәстүрлі түрде өткіземіз. Ал қалған 1000 орынды ваучерлік жүйе бойынша жаңадан пилот басталып жатыр. Сол пилоттық жоба шеңберінде жүзеге асырамыз.
– Шымкент мектептерінде қай пән мұғалімдеріне вакансия бар?
– Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, Шымкент қаласында 91 педагог жетіспейді. Жаратылыстану, математика және орыс тілі пәнінің мұғалімдері қажет. Және де орыс тілінде сабақ беретін бастауыш сынып педагогіне де сұраныс бар. Бұған дейін HR-процесс жүйесі жұмыс істеген. Ал қазір республика бойынша бірыңғай портал жұмыс істейді. https://hr-nobd.iac.kz
Сол жерге кіріп, құжатын жүктесе, барлық білім беру ұйымдары өзіндегі бос орын жайлы мәліметті осы порталға жүктейді. Жұмыс іздеген кез келген азамат сондағы алгаритм бойынша құжатын жүктесе болады. Ол жерде адами фактор толығымен жойылған. Берілген құжатына сай бағасы қойылады. Кімде көп баға болса, сол адам өтеді. Тағы бір нәрсені айта өтсем, бұрын талаптар қатарында еңбек өтілі де бар болатын. Қазір жас мамандар үшін «еңбек өтілі» деген талапты алып тастадық.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР