Жоғары санатты педагогтардың жалақысы артады

745

Енді білім ұйымдарындағы ұстаздардың жалақысы – 50, директорлардың еңбекақысы – 100 пайызға жоғарылайды. Бірақ, бұл үшін педагогтар қауымы өздерінің білімі мен біліктілігін, жоғары санатын дәлелдеуі қажет. Маңызды ақпаратты Білім және Ғылым Министрлігі мәлімдегені сол, шымкенттік мұғалімдер тестілеуге дайындықты бастап кетті. Осы орайда, аттестаттау рәсімі қашан және қандай жүйемен өтеді? Оны тапсыруға қай педагогтар міндеттеліп отыр? Қатысуға ниет білдірушілердің саны қаншаға жетті? Бәрінен бұрын, егер дәл осы сынақтан сүрінген жағдайда, ұстаздардың жұмыстан шеттетілуі мүмкін бе? Өзекті сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Гүлзира Анартаева – қаламыздағы №9 лицейде орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі кезде қаладағы карантин режиміне байланысты, шәкірттерге сабақты қашықтықтан онлайн режимде өтіп, бағалап жүр. Педагогика саласында 32 жылдық тәжірибесі бар ұстаз бұдан бөлек, білім саласының жаңа жүйесіне сәйкес, біліктілік аттестациясына дайындығын пысықтауға көшкен.

Гүлзира Анартаева

Гүлзира Анартаева, №9 лицейдің мұғалімі: «Педагогика – өте күрделі әрі қызықты сала. Бұл мамандықты сүймесең, бұл салада қызмет ете алмайсың. Мамандықты ғана емес, балаларды да шынайы жақсы көріп, оның бойын біліммен сусындата білу маңызды. Ұстаз болу – Ұлы жол ғой. Дәрігерді, әкімді, Министрді, тіпті Президенттің өзіне білім беретін де осы – Ұстаз. Оның мәртебесін қалай көтермелесек те жарасады. Қазіргі таңда мен мектепте «педагог-зерттеуші» санатында жұмыс істеп жүрмін. Алдағы уақытта аттестация болады. Соған «педагог-шеберге» бағымды сынап көргім келеді. Енді ол үлкен жауапкершілік. Сондықтан, үлкен дайындық керек. Қазіргі кезде кітап оқып, қосымша кітаптарды ақтарып, қайталап, жаңа технологиямен да ден қойып жұмыс жасап жатырмын. Мемлекетіміз үлкен бір мүмкіндікті ұсынып отыр. Ал жалақымыздың көтерілгені – ол біздің еңбегімізді ескергені деп білемін».

Енді ел аумағында педагогтардың мәртебесі ғана емес, жалақылары да едәуір өседі. Анығы, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында биыл қыркүйек айынан бастап үстемақы алу мүмкіндігі туып отыр. Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының айтуынша, енді биылдан бастап тек білім ұйымдары ғана емес, мектепке дейінгі балабақшалар, колледждегі ұстаздар жоғары санаттағы «педагог зерттеуші», «педагог-шебер», «педагог-сарапшы» секілді дәрежелерді еншілей алады. Бұған дейін мұндай біліктілікке деген мүмкіндік 5 жылдық тәжірибесі бар педагогтарға ғана берілсе, енді өз сауатына сенімді ұстаздар да тестке қатысып, білімін дәлелдей алады екен.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Педагог-шеберге»,

Жанат Тәжиева

«педагог – зерттеушіге» өзін ұсынған педагогтар өз білімдерін дәлелдеген жағдайда, олардың жалақысы 45-50 пайызға артады. Тек қана педагогтар емес, кез келген білім мекемесінің бірінші басшылары өзінің сол басшылығына қатысты сынаққа қатысып, сәтті тапсырып шықса, жоғары санатқа лайықты екенін дәлелдейтін болса, айлық еңбекақысы екі есеге дейін жоғарылайды».

Бұл Министрлік бекіткен аттестаттау рәсімі ұстаздар үшін маусым, шілде, тамыз айларында өтсе, білім ұйымдарының бірінші басшылары үшін қыркүйек айына жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде миллионды қала – Шымкенттегі білім мекемелерінде 27 мыңнан астам педагог бар, ал осынау тестілеуге қатысуға әзірге оның 4378-і ғана ниет білдіріпті. 3526-сы – мектеп мұғалімдері. Ал жоғары санатты дәлелдейтін осы аттестаттауға директорлардың 100 пайыз қатысуы міндеттіліп отыр.

Мөлдір Бекеева