Шымкентте ішкі істер органдарының мамандары жетіспейді

38
фото Отырар.кз

Шымкентте полиция қызметкерлері жетіспейді. Мегаполистің патрульдік полиция полкіне қосымша 350 штат қажет. Бұл мәселе сенатор Нұрлан Бекназаровтың жеке құраммен кездесуі кезінде айтылды. Тәртіп сақшылары қалалық әкімдіктің бұл проблемадан хабары бар дейді.

Шымкентте ішкі істер органдарының мамандары жетіспейді. Мегаполистің патрульдік полиция полкіне қосымша 350 штат қажет. Мәселе әкімдікке жетіп, қолдау тапқан көрінеді.

Думан Таев, Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы:
«Біріншіден жеке құрамның жетіспеуі. Бірақ әкімшілік бізге көмек көрсетіп жатыр. 6 тірек пункт жаңадан салынып жатыр. Қаратауда 2 тірек пункт жалға алынған еді. Қазір 2 бірдей пункт сатып алынып, мәселе шешілді. Сомен жалпы саны 8 нысан салып жатырмыз. Енді осылай жеке құрамды күшейтеміз».

Бүгінде «Полицияның сервистік моделін» қолданысқа тиімді енгізу үшін қала аумағында пилоттық жоба құрылған. Нәтижесінде 5 ауданда ведомствоаралық топтар жұмыс істеп жатыр. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мегаполистегі қылмыс саны соңғы 6 айда 27 пайызға төмендеген.

Ұлықбек Мылтықов, Жергілікті полиция қызмет басқармасының бастығы:
«Ведомствоаралық топтардың ұсынысымен 12 бейнекамера қойылды. Және де 8 көше жарықтандырылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде пилоттық жоба аумағында тіркелген қылмыс саны 50 пайызға төмендеді. Оның ішінде есірткіге қатысты қылмыстар 52,6 пайызға азайды».

Қалалық полиция департаментіндегі бірқатар мәселені сенатор Нұрлан Бекназаров та назарға алды. Шымкентке іс-сапармен келген депутат мегаполистің қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша жауаптылармен кездесу өткізді.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«Қаланың көлемі үлкен. 117 мың га. жеріміз бар. Қаланың территориясы да, халық саны үлкен. Көлемді болғаннан кейін де қылмыстардың санының артуына қатер көп болады. Дегенмен, қазіргі таңда статистика бойынша қалалық ПД қызметкерлері бұл мәселемемен күресіп жатыр. Әрине қылмысты түбегейлі жою өте қиын. Бірақ статистика төмендеген. Біз үшін заматтардың тыныштығы ең бірінші орында».

Айта кетсек, бүгінде Шымкент қалалық полиция департаментінде 2700 маман жұмыс істейді. Бұл 1 млн. 200 мыңнан астам халқы бар үшінші мегаполистің тыныштығын күзетуге аздық етіп отыр.