Шымкенттік кәсіпорын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас демеушісі атанды

40
Фото Шымкент қ. ІСжЖІ басқарма

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының
бас демеушісі белгілі болды. Ол Шымкенттік ірі кәсіпорындардың бірі -«Alageum Electric».

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекциясы «Alageum Electric» Компаниялар тобымен екіжақты меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде кәсіпорын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бас демеушісі болып танылды.
Шараға 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысы Наиль Нұров пен Еркебұлан Ілиясов қатысты.

«Отандық алпауыт компанияның жылдың ең маңызды оқиғасы – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қызығушылық танытуы отандық спортқа, оның ішінде ұлттық спортқа деген жоғары құрметті көрсетеді. Біз Alageum Electric компаниясының 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бір бөлігі болғанына қуаныштымыз», — деді дирекция басшысы Наиль Нұров.

Ұлттық спорт түрлерін қолдау және оларды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жүйелеу мақсатында 2024 жылы «Ұлттық спорт түрлерін қолдау қоры» Қоғамдық қоры құрылды.

«Ұлттық спорт қорының» басты мақсаты: ұлттық спорт түрлерін дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау, ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттау әрі сақтау. Одан бөлек ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстардың сапалы өтуіне, спортшыларға қаржылық және материалдық көмек көрсетуге, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруға және даму бағдарламаларын іске асыруға ықпал жасап, ұлттық спорт түрлерін зерттеу және дамыту бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару қордың тікелей қызметі болады.

Айта кетейік, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шарада 89 елден 2000-нан астам қатысушы болады деп жоспарлануда. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.