Шымкенттіктер дайын құжаттарды үйге жеткізу сервисін белсенді пайдалана бастады

33
фото ХҚКО

 

«Азаматтарға арналған үкімет» филиалы шымкенттіктердің дайын құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарынан жеткізу мүмкіндігі бар екенін еске салады.  Құжаттарын дайындауға өтінім берген қызметалушыларға ХҚО-ға қайта келудің қажеті жоқ. Дайын құжаттарды курьер ыңғайлы мекенжайға жеткізіп береді.  Жыл басынан бері 600 – ден астам шымкенттік осы серсивтің мүмкіндігін пайдаланып, дайын құжаттарды алды.

«Клиентке  «1414»-тен SMS хабарлама арқылы дайын құжаттарды үйге жеткізуді рәсімдеу үшін ұсыныс келіп түседі. Өтінімді рәсімдеу кезінде клиент сауалнамалық деректерді толтырып, жеткізу мекенжайы мен телефонын көрсетуі қажет. Содан кейін құжаттарды жеткізу үшін төлем жасауы тиіс», — деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Сондай-ақ, дайын құжаттарды жеткізу 144 мемлекеттік қызмет бойынша қолжетімді, олардың ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу жөніндегі құжаттар, жер учаскелеріне актілер, апостильденген білім туралы құжаттар, мұрағаттық анықтамалар, әскери билеттердің телнұсқалары және басқалар бар. Бұл ретте жеткізу сервисіне жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігі сияқты құжаттар кірмейді.