Төлебиде облыстық «Жастар лигасы» робототехника байқауы өтті

14
Фото: Отырар.кз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың бірінші қыркүйегіндегі Жолдауында ел азаматтарының маңызды стратегиялық міндетінің бірі – Қазастанды айти мемлекетке айналдыру екенін айтты. Ол өз сөзінде Үкіметке 2026 жылға қарай айти қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға жеткізуді, осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізу керектігін міндеттеді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ – ҚР Президенті:

«Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз.

2022 жылы ІТ саласындағы экспортымыз бес есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Әрине, мұнымен шектелмейміз.

2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын бір миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет. Шетелдің ірі ІТ компанияларымен бірлескен кәсіпорындар ашу бұл іске септігін тигізері сөзсіз. Үкімет осы мәселені мұқият зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі керек.

Үкімет жасанды интеллектіні дамыту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жылда осы салаға бір триллион доллардан астам инвестиция салынады деген болжам бар. Жасанды интеллект оны дамыта білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін.

Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек».

Түркістан облысында мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асып келеді. Өңірде өткен жылы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Жастар лигасы» атты робототехника байқауы өтіп келеді. Мақсаты – оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту, оларды инженерлік машықтандыру, робототехникаға қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.

«Жастар лигасы» биыл екінші жыл өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушылар байқау – жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында өткізілетінін айтады.

Жарысқа қатысуға облыстың 17 аудан-қаласынан өтінім келіп түскен. Тек Төлеби ауданының өзінен 7 команда қатысуға өтінім білдірген. Оның үшеуі байқауға жолдама алды. Жалпы робототехника додасына 10 команда қатысып, бақ сынады.

Жалпы аудан көлемінде жастардың бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізу мақсатында ауылдық округтер мен аудан орталығында кешкі караоке, спорттық ойындар, футболдан оқушылар арасында жарыс өткізіліп отырады. Мамандар мұндай іс-шаралардың құқықбұзушылықтың алдын алу тұрғысында маңызы зор екенін айтады.

Байқау басталмас бұрын командалар жиналып, бір-бірімен және әділ-қазы мүшелерімен танысты. Ұйымдастырушылар жарыстың мақсатын, өткізілу ережесін түсіндірді. Командалардың дайындығы тексерілді. Оқушылар тиісті кабинеттерге бөлінді. Барлығы сақадай-сай дайын болғанда бастауға белгі берілді.

Жарыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қатысушылар ардуина жиынтығы арқылы роботтарын құрастырды. Барлық оқушының жасап жатқаны бір дүние болып көрінгенімен, әр қатысушының техникасы әртүрлі.

Байқаудың алғашқы кезеңінде «Төлеби» командасы бірінші болып өз жұмыстарын аяқтады. Төлеби мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары берілген 40 минуттың жартысына жетпей роботты құрастырып бітті. Сөздерінше, ардуина жинағы күрделі болғанымен, көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.

Балалар жүйелі жұмыстың жақсы нәтижесіне жету үшін керекті басты нәрсенің бірі — командалық жұмыс екенін айтады. 7-сыныптан бері робототехника сабағына қатысатын алғыр оқушылар команда болып жұмыс жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетіп жүрміз дейді.

Жастар лигасы 8 және 10 сынып оқушылары арасында өтіп жатыр. Ленгір қаласындағы № 7 IT мектеп лицейінде ұйымдастырылған конкурсқа робототехника саласында жұмыс істеп жүрген мықты мамандар төрелік етті.

Байқауға қатысқан 10 команданың 8-і келесі кезеңге өтті. Екінші кезеңде балалар машинаға бағдарлама енгізіп, құрастарылған машина арнайы кедергілерден өтті..

Байқау соңында командалар қайта жиналды. Жарыстың өту барысы талқыланды. Әділ қазылар қатысушыларға өз бағасын берді, оның себебін түсіндірді. Қателіктерге тоқталып, түзеу жолдары ұсынылды. Әр робот-машинасының ерекшеліктері айтылды.

Кезек асыға күткен, ең толқынысты кезеңге де келді. Байқаудың көңіл қуантар тұсы – ешкім марапатсыз қалған жоқ. Барлық қатысушының еңбегі бағаланды. Жүлделі орынға ілінбеген командалар да қаржылай сыйлықтан құр алақан қалған жоқ. Әр қатысушы командағаы 70 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығы берілді.

Жастар лигасы-2024 байқауының үшінші орын иегері Төлеби ауданының Робобренд командасы атанды. Жүлдегерлерге 200 мың теңге көлемінде сый берілді.

Ал Кентау қаласының «Робопрайм» командасы 300 мың теңгенің иегері атанып, 2-орынды қанжығаға байлады.

Төлеби ауданының өрендері «Ардумастерс» командасы жүзден жүйрек шығып, өздерінің алғырлығын көрсетіп жеңімпаз атанды. 8-сыныпты енді ғана аяқтаған оқушылар үздік нәтиже көрсетті. Жас шеберлер 500 мың теңге қаржылай сыйға ие болды.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Жастар лигасы» робототехника байқауы өз мәресіне жетті. Үздіктердің қатарында болған жүлдегерлер енді респбуликалық және халықаралық робототехника байқауларында бақ сынайды. Ұйымдастырушылар дәстүрге айналған бұл жоба алдағы жылдары да жалғасын табатынын жеткізді.