Үйін көгершіндер ұясына айналдырған Дәулеткерей

2270

Төлеби ауданының Майлыбұлақ ауылында тұратын 50 жастағы Дәулеткерей Төртбаев 5 жасынан бері көгершін асырайды. Қазір үйінде 200-ге жуық кептер-көгершін бар. Бірін балапан кезінен бағып-қағып, асыраса, енді бірін қанаты сынып, жарақат алған жерінен тауып алып, емдеп-жазып, қатарға қосқан. Құстарға қамқорлық көрсетіп келе жатқанына 45 жылдай болған азаматтың мейірім мен жылылық лебі ескен игі ісі туралы әңгімесін жазып алдық.

 5 жасынан бері көгершін асырайтын Дәулеткерей Төртбаев

«Атам Қобал – құсбегі, итбегі, атбегі болған. Атамның құсқа деген құштарлығы маған берілген. Құсқа қызығушылығым 5 жасымда басталды. Содан бері бір сәт тоқтатпай, құс өсірумен айналысамын. Күнде таңертең сағат 5-те оянып, құстарыма қараймын. 3-4 сағатым соларды тамақтандыруға кетеді. Күтімін жасап, дәрісі мен дәрумендерін беріп, кептерхананы тазалаймын. Түнгі сағат 12-ге дейін құстарға қараймын. Үйімде құс ұстайтын үлкен қоршауым бар».

«Құстар да әлі тілі шықпаған бала сияқты. Ауырған жерін айта алмайды, қарны ашқанын түсіндіре алмайды. Құс өсіру үшін оның тілсіз тілін түсініп, жағдайын сезінуің керек. Құстың хал-ахуалын мөлдіреп тұрған көзінен білуге болады».

«Құсты тек шыдамды әрі мейірімді адам ғана асырай алады. Менің асырап отырған құстарымның көбін балапан кезінде ата-енесі тастап кеткен. Сондай балапандарды тауып алып, «ботқа» беріп, аяқтандырамыз. Балаға тамақ бергендей, «пипеткамен» тамақтандырамыз. Онымен бір балапанға тамақ берудің өзі жарты сағат уақыт алады».

«Құстардың қанаты сынып, жараланып қалады. Мұның негізгі себебі – қаршыға сынды жыртқыш құстар оларды соғып, қанатын сындырып кетеді. Жаралы құстарды қаладағы ветеринарияға алып келіп емдетемін. Олар операция істеп, тігетін жері болса, тігіп береді. Жыртқыш құстан бөлек, олардың негізгі жауы – ауру. Күз бен қыста қатты ауырады. Құстарым емделіп, кептерханаға кіріп-шығып не ұшып кетіп, қайта ұшып келгенін көргенде қуанып, көз жанарым демалады. Осылайша «адам қатарына қосамыз» дегендей, оларды құс қатарына қосамыз».

«Құс өсіретін адам ауырған құсты көргенде жаны да, тәні де ауырады. Менде де сондай сезім болады. Үйде ауырып қалған құстарыма қарайтын адам болмаған кезде торға салып, жұмысқа алып келемін. Тіпті қыдырып барған жеріме де торға салып құстарымды алып жүремін. Өзім жұмысқа кетерде таңертең ерте тұрып, құстарыма жем-суын беріп, қарап кетемін. Мен жұмыстан келгенше әйелім мен інім қарап отырады. Бір күн жұмыс істеп, екі күн демалатын жұмыста болған соң оларға жеткілікті көңіл бөле аламын».

«Құс асырау – көп шығын. Оған кейбір адамның айлығы жетпеуі мүмкін. Қазір 200-ге жуық кептерім бар. Соның тек жеміне 30-40 мың теңге кетеді. Олар құр бидай жей бермейді. 7-8 түрлі жем жейді. Ал бұдан бөлек витамині, басқа да дәрі-дәрмегіне де қаражата кетеді. Онысы қымбат болады. Бізде сатылмайды, шетелден, көбіне Германия мен Қытайдан алдырамын».

«Кептерлерді сату үшін асырамаймын. Негізгі мақсатым – оларды емдеп, құс қатарына қосып, табиғатқа жіберу. Ал негізі бір кептердің бағасы 300 мың теңгеден 1 миллион аралығында сатып алып және басқа құсты жақсы көретін адамдарға сататын кезіміз де болады. Жақында 11 бас кептерді 1 миллион теңгеге саттым. Сол ақшаға тағы жараланған құстарды емдеп, асырап, құс қатарына қосып жатырмын. Тапқан ақшаны құстардың емі мен жеміне жұмсаймын».

«Қазір құстар да заманға сай өмір сүріп жатыр десек те болады. Кезінде құстар далада өмір сүрді. Ал қазір оларды асырап, қамап қоятындар көп. Кейбірі құс сатумен айналысады. КСРО ыдараған кезде біздің құстарымызды шетелге көп алып кетті. Ақшасы барлар шетел асырды. Қазір өзіміз өсіріп, өзіміз көбейтіп жатырмыз».

«Менің бір арманым бар: бала кезімізде айналамызда құстар көп ұшып жүретін еді ғой. Көргенде көзіміз қуанатын, дауысын естігенде құлаққа қандай жағымды еді. Сондай заман қайта айналып келсе екен деймін. Сондықтан биыл 50-ге жуық балапанымды аяқтанған соң, «адамдарды қуантсыншы» деп далаға ұшырып жібердім. «Адамдар олардың әдемілігіне сүйсініп, дауысын естіп, қуанып, тамашаласын» деп ойладым. Ұшырып жіберген құстарым кері қайтып келіп жатады. Тіпті үйден 70-80 шақырым жерге апарып, ұшырып жіберсем де ұясын қайта тауып келгендері болды».

«Атам құс асыруға бейім жан еді, бірақ әкем құсқа қызығып кете қоймады, ал мен атама ұқсап, құсты қатты жақсы көрдім. Ал қазір балам емес, 2 жасар немерем құстарға қатты қызығады. Небәрі 2 жаста болса да оны байқаймын. Жанымнан қалмай, кептерлермен бірге жүреді. Бұйырса, менің құстарға қамқор ісімді немерем жалғастырады деп сенемін».

Әңгімелескен: Жанерке ХУМАР.
фотосуреттерді мақала авторы ұсынған.
Бұл мақала Ontustik Rabat газетінің
№28 санында (11.07.2024 ж) жарияланған