Бір кептер 5 000$ тұрады

49-005

Түркістандық Әлішер Төлегеновтың (суретте) қолындағы көгершіндері 5 мың АҚШ доллары тұрады. Қырық жылдан бері құс өсірумен айналысатын Әлішер ағаның үйінде бұдан басқа 150 көгершіні бар екен. «Оларға алты ай сайын екпе еккізіп, жемін беріп, балаларым сияқты қараймын, сөйлесемін» – дейді ол. Әлішер ағаның атасының да, әкесінің де сүйікті ісі кептер бағу болғанға ұқсайды. Ата кәсіп. Әуестене жүріп айналысатын ісі екен.

49-004

Шымкенттегі «Попловок» мейрамханасының іші-сырты өткен жексенбіде көгершіндер мен оны тамашалауға келген адамдарға толы болды. Алтыншы рет өткізілген халықаралық көрмеге Өзбекстан, Ресей елдері мен Қарағанды, Тараз, Түркістан қалаларынан 600-ге жуық көгершін асыраушы асыға жеткен.

49-001

Олар 1500 көгершінді жұрт назарына ұсынды. Бейбітшіліктің символы саналатын көгершіндер сұлулығымен жиналғандарды таңқалдырды. Бірі айдарлы, енді бірі етік киген тоты құсқа ұқсайды. Түстері әртүрлі.

Бақыт Бартекеев, ұйымдастырушы:

– Әр жылы қатысушылардың саны артып отырған сайын, өткізілетін орын да тарылып барады. Жаңа ғимараттар іздеуге тура келеді. Биыл жеңімпаз көгершінді анықтау қиынға соғатын түрі бар. Алдымен көгершіннің түсі, көзі, дене тұрқына мән береміз. Бір көгершін бір-ақ рет жеңімпаз атанады. Өткен жылы жеңімпаз болған көгершін келесі көрмеде қойылмайды.

Көрмеде кептерлерді тамашалап қана қоймай, ұнағанын сатып алуға да болады. Бағалары 5 мың теңгеден басталып, 5 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Көгершіндердің тұмсығы мен тырнағына, тұрқы мен жасына ерекше мән беріледі.

49-002

Рауан Мұрат есімді жігіт көрмеге Тараз қаласынан арнайы келіпті. Қаладағы мектептердің бірінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді екен. Көгершін өсіруге бала күнінен қызыққан. 38 көгершіні бар. Көрмеге алып келген «Шалқар» деп аталатын көгершінін 100 мың теңгеге сатты.

49-003

«Мұндай көрменің жиірек өткізіліп тұрғаны дұрыс. Араласып, білісеміз. Жастар да көріп, қызығады. Үлгі алады. Өзара көгершіндерін алмас-тырып, көбейтеді», – дейді жиналғандар.

Әйгерім Бегімбет

«Оңтүстік Рабат», №49, 03.12.2014

Артық болмас білгенің

Көгершін – кептердің қолға үйретілген түрі. Сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Кез келген қашықтықтан өз ұясын адаспай тауып келетін ерекше қасиетін білген адамзат баласы оны ерте замандардан бастап қолға үйрете бастаған.

* * *

Ежелгі Египетте, Рим мен Грекияда пошташы көгершіндер әскери және сауда-саттық байланыс үшін пайдаланылған.

* * *

Дүниежүзінде көгершіндердің шамамен 800-ден астам түрі бар.

* * *

Әлемдегі ең ірі көгершін – Тәжді көгершін. Оның ұзындығы 75 см, салмағы 2 кг тартады. Австралия маңындағы Жаңа Гвинеяның солтүстігіндегі ормандарда тіршілік етеді.

* * *

Дүние жүзіндегі ең қымбат көгершін – былтыр Бельгияда сатуға шығарылған хат тасушы көгершін. Ол 400 мың АҚШ долларына бағаланған. Аукционда 5,5 млн АҚШ долларына барлығы 530 құс сатылған.