Әкімді сағаттап күткен халық шу шығарды

42

Өткен апта қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үш бірдей көшпелі кездесу ұйымдастырды. Мегаполис басшысы аудандарды аралап, халықтың ортасында жүріп, мәселені шешуді көздеді. Жиында нендей мәселелер көтерілді?

Өткен аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғындарды қабылдауы көшпелі кездесу форматында өтті. 3 күнге созылған жиында мегаполис басшысы жұртшылықтың ортасында жүріп, мәселесін тыңдады. Алайда ашық алаңда ұйымдастырылған кездесуге қарапайым халықтың көңілі толмады. Олар аптап ыстықта әкімді сағаттап күттік деп шу шығарды.

«Ұйымдастырып отырған іс-шараларыңыз бұл не? Ауа жетпейді. Тұрмыз балық құсап. Ыстық. Демала алмаймыз. Күтіп тұрдық 1 сағат болды. Кетейін деп жатыр едік»,- деді тұрғындар.

Бұл әкімнің Тұран ауданының халқымен кездесуі. Мұнда тұрғындардың бірі алдымен жол мәселесін көтерді. Оның сөзінше 4 шағынаудандағы жолдар сатылып кеткен. Бұл сөзді әкім де растап отыр.

«4 шағынауданда бір жол жоқ, бәрін сатып жіберген. Бәрі қосып-қосып алған. Осы кісілер істеген уақытта болған»,- деген тұрғынға қала әкімі былай жауап берді.

«Жоқ, бұл кісінің істеген уақытында емес. Қаланы бұрыннан сатып жіберген бәрін»

Жиналғандар қала әкіміне түрлі мәселені айтты. Тұрғындар тіпті жергілікті биліктегілердің үстінен шағымданып та үлгерді. Олардың сөзінше осы күнге дейін шашылып жатқан аумақ әкім келеді дегеннен кейін ғана жиналған екен.

«Мен мына жерден күнде өтемін. Шашылып жататын еді. Екі күннің ішінде әкім келеді деген соң бәрін жылан жалағандай қылып қойыпты. Әкім көру керек еді шашылып жатқанын. Хлормен жуды ғой. Сіз күнде жүріңізші осы жермен»,- дейді қарапайым халық.

Кездесуде тек жергілікті тұрғындар емес, өзге қаладан келгендер де шаһардағы проблемаларды айтты. Мәселен, Алматыдан келген бұл азаматша мегаполистегі жол жүру ережесін сынға алды. Оның сөзінше Шымкенте дұрыс көлік жүргізу мүмкін емес.

«Шымкент қаласында машина айдау мүмкін емес. Бағдаршамда дұрыс бұрылмайды. Тіпті тәртіп сақшылары да солай бұрылады. Бұл деген үлкен қателік»,- деді тұрғындар.

Көтерілген әр мәселеге Ғабит Сыздықбеков бірден жауап берді. Өзекті проблемалар назарға алынып, тиісті басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктелді. Аптап ыстықта әкімді күтіп, базынасын жеткізгендердің енді қала басшысынан күтері көп