«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы 9 жылға бас бостандығынан айырылды

25
фото ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі

Ағымдағы жылдың 2 тамызында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ бұрынғы басқарма төрағасы О. Ағабековке қатысты үкім шығарды.

Ол «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ-ның Дубай қаласында (БАӘ) экологиялық іс-шараны ұйымдастыру кезінде жалпы сомасы 121,6 млн теңгеге ақша қаражатын жымқырғаны, көміртегі бірліктерін сатып алу-сату шартын тіркеуге жәрдемдескені үшін кәсіпкерден 35 млн. теңге мөлшерінде пара алғаны, сондай-ақ жалпы сомасы 8,2 млн. теңгеге басшы құрамға заңсыз сыйақы бергені үшін сотталды.
Ағабековке мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.