Ірі көлемде заңсыз ішімдік өндірумен айналысқан тұрғын ұсталды

24
фото Отырар

Шымкентте бірнеше брендтің контрафактілік алкоголь өнімін шығарып келген астыртын цех анықталды. Қала тұрғыны заңсыз жолмен «Абсолют», «Зеленая марка», «Айдабульская», «Qulan» секілді тағы бірнеше брендтің атын жамылып, ірі көлемде контрафактілік өнімдерді сатумен айналысқан.

Әділет департаменті қызметкерлері мен полицейлер жалған өнім шығарумен айналысқан азаматты ұстады. Тінту барысында жасырын цехтан 42 705 бірлік және 3 000 литр спирттік ішімдіктерді құюға арналған сұйықтықтың заттай дәлелдемелері тәркіленді.

Мейіржан Исабеков, Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары: «Қаратау ауданында жасырын цехта контрафактілік спирттік ішімдіктер дайындалып, құйылу барысында азамат ұсталды. Тексеру барысында азаматтан 42 700 бірлік және 3000 литр спирттік ішімдік құюға арналған сұйықтық заттар дәлелдемелері тәркіленді. Сонымен қатар, ӘҚБтК 158-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғалып сотқа жолданды».

Бұл жайтқа байланысты “Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану” бабы бойынша іс сотқа жолданды. Әділет министрлігі азаматтарды контрафактілік өнімдерді тұтынудан бас тартуға шақырады және мұндай өнімдерде денсаулыққа қауіп төндіретін улы заттар болуы мүмкін екенін ескертеді.