Полицей дүкен иесін ішімдік сатты деп негізсіз хаттама толтырған

34
Фото: depositphotos/Nomadsou1

Жеке кәсіпкердің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты әкімшілік жауаптылықтан босатылды. Шардара аудандық сотында азаматша Ж. қатысты азық-түлік дүкенінде түнгі сағат 23.00-ден кейін сатушысы К. арқылы азамат М. екі дана этиль спиртінің құрамы 4,8% болатын, сыйымдылығы 0,45 л., «Белый медведь, ақшыл» алкогольді ішімдігін 1000 теңгеге сатқан деп әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Сот талқылауында Ж. кінәсін мойындамай, оқиға болған күні қалада болмағанын, дүкенде ұлы Р. қалғанын, ал К. есімді азаматты танымайтынын, ешқандай сатушы ұстамағанын, алкогольді ішімдік сатпағанын көрсеткен.
Куә ретінде сұралған Р. осы мағыналас жауап беріп, түнгі 23.50 алкогольді ішімдік сатпағанын, алайда М. деген азамат полиция қызметкерлерімен дүкенге қара пакетпен кіріп келгенін, түсініктеме жазып беруді, құжатқа қол қоюды талап еткенін, алайда қандай спирттік ішімдік сатқанын пакеттен алып көрсетпегенін, өзін кінәлі деп санамағандықтан құжатқа қол қоюдан бас тартқанын көрсеткен.
Сотта анықталғандай, сотқа дейінгі өндірісте сатушы К. түсініктеме беруден бас тартқан, куә ретінде іске тартылмаған, құқық бұзушының кінәсін дәлелдейтін дәлелдемелер іс материалына тіркелмеген. Бұдан бөлек, Ж. құқықтары мен міндеттері түсіндірілмеген, хаттамамен таныстырылмаған, яғни құқығы шектелгені анықталған.
Сот шешімі:Шардара аудандық сотының қаулысымен Ж. әрекетінде ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты, оған қатысты әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді өндірістен тоқтатылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы негізсіз хаттама толтырған полиция инспекторына қатысты жекеше қаулы қабылданған.  Сот актілері заңды күшіне енген.